БҚО-ның су айдындарындағы балыққа оттегі жіберіліп жатыр

Батыс Қазақстан облысының өзен-көлдерінде балықтың тұншығу қаупі бар.

Мұз қалыңдаған сайын су астына ауа жетпейді. Қазір су қоймаларында мұзды ойып, оттегімен байыту шаралары жүріп жатыр. Алдымен қар мен мұздың қалыңдығы 25 см-ге жеткен Бөрлі және Бәйтерек аудандарында жұмыс басталды. Жалпы, бүгінгі таңда 10 мыңға жуық ойық ойылып, іс-шараға 250 адам мен 60-қа жуық техника жұмылды. Арасында мотопомпалар арқылы бір ойықтан екіншісіне су айдалып, «балық коктейлі» тәсілі қолданылды. Іс-шара әзірге балық инспекциясы және орман шаруашылығы қызметкерлерінің күшімен атқарылып жатыр. Алдағы уақытта еріктілер мен табиғат жанашырларының жәрдемі қажет, дейді мамандар. 

Дәурен Қабдырахманов, облыстық балық инспекциясы басқармасының бас маманы:

- Облыс бойынша балық тұншығу қаупі бар деген 180-нен астам су айдындары анықталды, зерттелді. Және сол бойынша жұмыстар мұз қатып бастағаннан бастап, жергілікті атқарушы органдар мен біздің балық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесе жүріп жасалды. Ол жұмыстар көктемгі мұз еруіне дейін  су босауына дейін жүргізіледі.