Түркістанда «TazaQazBot» қосымшасынан халықтың көбі бейхабар
Түркістанда қоқыс тастайтын контейнерлер жетіспейді.
Бары лезде толып қалады. Ал 2 жыл бұрын іске қосылған "TazaQazBot" қосымшасынан тұрғындардың көпшілігі бейхабар болып шықты. Халық жергілікті биліктің тазалыққа қатысты әрекетіне көңілдері толмайтынын айтады.
Күн сайын Түркістан қаласының тазалығына 500-ден астам жұмысшы мен 50-ге жуық техника жұмылдырылады. Мамандардың айтуынша, жаңа қала аумағындағы қоқыс жәшіктері күніне 2 рет тазаланса, шеткері аудандардағы қоқыс аптасына бір рет шығарылады. Десе де жаңа қала шағын ауданы, 9-көше тұрғындары аулада қоқыс жәшіктері жетіспейтінін айтады. 17-үйдің тұрғыны Мәлік Әбдікәрімовтің айтуынша, қоқыс тастайтын контейнерлердің саны аз. Бары лезде толып қалады. Соның салдарынан тұрғындар қоқысты жолдың жиегіне тастап кетеді.
Мәлік Әбдікәрімов, қала тұрғыны:
- Мына біздің қоқыс контейнері толып қала береді. Күніне екі рет алады, сонда да сыймай жатады. Мына каскадтан шыққан тұрғындар бері қарай өтпейді де мына жерге тастап кете береді. Өтініш: мына жерге бізге контейнер қосып берсе.
Сәуле Әкімова, қала тұрғыны:
- Мына жер тез толып қалады. Қоятын орын болмағаннан кейін тастап-тастап кете береді. Басқа салатын жер жоқ. Соны тағы да 3-4 контейнер қосып, осыны реттеп берсе дейміз.
Тазалыққа жауапты "Түркістан жарық-тазалық" мекемесінің мамандары тұрғындардың өтінішін ескеріп, мәселені көп ұзамай шешеміз деп сендірді.
Нұржан Сұлтанахметов, тазалыққа жауапты мекеменің бас инженері:
- Тағы да бір 3-4 контейнер қосатын етіп, астының бәрін цементтеп, сосын қоқыс көлігі келген кезде соған салуға ыңғайлы етіп, жасатқызып, ертең мен сіздерге фотосын жіберемін. Қазір тапсырма берілді. Қабылданды. Негізі бүгіннен бастап кіріседі ғой бұған. Түстен кейін бастайды.
Түркістан облысының полицейлері соңғы 2 жылда қоқысты тиісті орынға тастамаған 40 мыңнан астам азаматты әкімшілік жауапқа тартқан.
Ғалымжан Райымбек, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы:
- "Таза Қазақстан" акциясы басталғалы бері нульдік төзімділік қағидатын бұзған 58 мыңға жуық дерек анықталды. Соның ішінде цифрландыру жүйесі арқылы мыңға тарта арыз-шағым түсті. Сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы 3300 азамат жауапқа тартылды.
Ал экологтар «қарапайым халықты шырылдатып, жауапқа тартқаннан ештеңе өзгермейді. Жергілікті билік алдымен олардың экологиялық мәдениетін көтерумен айналысу керек» дейді.
Әбибулла Қоңырбаев, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:
- Таза Қазақстанға айналатын түріміз жоқ. Қалдықтар одан сайын көбейіп бара жатқан сияқты. Себебі сырт жаққа шығып, мониторинг жасап жүргенде көреміз, сай-сала, арық-атыздың ішінде толып жатқан пластик, қағаз. Әшейін көзге көрінетін жерлерді ғана тазалайды. Әлі де болса әкімдік жұмысты жақсы ұйымдастырып, халыққа түсіндіріп, бір тазалап кеткен жер таза күйінде қалатындай жағдайға келтіретіндей жұмыс жасап жатқан жоқ деп ойлаймын.
Ал "TazaQazBot" қосымшасы іске қосылғалы бері Түркістан облысы тұрғындарынан 3500 мың өтініш түскен. Өңір тұрғындарының саны 2 миллионнан асатынын ескерсек түскен өтініш көп емес.
БЛИЦ
- Жоқ, оның қызметіне жүгінбедім. Бізде апа төлейді барлық нәрсені, мен ондайға араласпаймын. Шынын айтайын.
- Ашылып жатқан қосымшаңызды жаңағы тазалық туралы, ол жайында әлі естіген жоқпын. Оған жүгінетіндей жағдайымыз болған жоқ.
- Жоқ, енді естіп тұрмын.
Бұл қосымшаны қолданып жатқандар некен-саяқ. Халық үшін тиімді жобаның насихаты кемшін. Егер тұрғындарға қалай қолдану керектігін түсіндірсе, пайдаланушылардың қатары көбейіп, сонда тазалық туралы мәселе де болмас еді. Бұл көпшіліктің ортақ пікірі.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш