Қостанайда мектеп ауласында жеміс ағаштары егілді
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қостанай облысында «Менің аулам – менің бағым» атты пилоттық жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Осы жоба аясында өңірдегі білім беру мекемелері ауласында күз бойы жеміс ағаштары егілді.
«Менің аулам менің бағым» атты пилоттық жоба бүгін Қостанайдағы №32 мектепте жалғасын тапты. Балалар, мұғалімдер, ата-аналар бірлесіп, 35 түп жеміс ағашын екті. Басым бөлігі алма ағашы. Ал облыс бойынша білім ошақтары ауласында егілген көшет саны 2 мыңнан асып жығылады.
Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:
– Басында мың ағаштай отырғызамыз деп осы күзде жоспарлағанбыз. Оны жоспары 2,5 есе артып, 2 жарым мыңнан астам ағаш отырғыздық. 100-ден астам білім мекемелері қолдау көрсетуде.
Ұстаздар қауымы да «мұндай шаралардың бала бойына маңызды құндылықтарды сіңіруге септігі мол» дейді. Ағаш егу өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа, табиғатты аялауға тәрбиелейді.
Дилара Ахметова, №32 жалпы білім беру мектебінің мұғалімі:
– Жеміс ағаштары бүгінгі ағаш ертеңгі жасыл бағымыз болады. Ертең кішкентайларымызды қазіргіден бастап, жауапкершілікті сезіндіріп, өздері егіп, сол ағашты өздері күтіп баптап, ертең жемісін көреді деген ниетіміз бар.
Үшінші сынып оқушысы Даниял Жайсанбекұлы бүгін өз қолымен еккен ағашының жемісін көрері анық.
Даниял Жайсанбекұлы, оқушы:
– Мен өз қолыммен ағаш отырғызғаныма өте қуаныштымын. Кішкентай көшетіміз өсіп, үлкен ағашқа айналса екен деймін. Біздің арманымыз мектептің ауласы жап-жасыл әдемі баққа айналса екен деймін.
«Менің аулам – менің бағым» жобасы алдағы жылдары да жалғасын табады. Бес жылдың ішінде өңірдегі білім беру мекемелері ауласында 6 мың түп жеміс ағашын егу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг