Ақтөбе жастарына «Топырақтың алты дюймі» деректі фильмі көрсетілді

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Ақтөбе жастарына «Топырақтың алты дюймі» атты деректі фильмі көрсетілді.

Туындыда қоршаған ортаны қорғау, топырақты қалпына келтіру тәжірибелері көрсетіледі. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттырып, жер ресурстарын ұқыпты пайдалануды насихаттау.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» жобасы аясында 50 мың тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды.  

Саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылды. Ауыл мен қаланың айналасы бей-берекетсіз шашылған құрылыс қалдықтарынан тазартылды. Дегенмен, жаһандық жылынуға ұштасқан ғаламдық мәселе – даланың шөлге айналу қаупі бар. Ғалымдар экологиялық қатерге тойтарыс беру үшін әр азамат үлес қосуы қажет дейді.

Жақсылық Алманов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

- Қазір көбіне экология нашарлап бара жатыр ғой. Біз мән бермей жатырмыз. Ластап жатырмыз. Көлік көп, зауыттар күннен күнге көбейіп жатыр, адам саны да көбейіп жатыр. Топырақа қазір эррозия болып жатыр. Екі эррозия қазір - жер эррозиясы мен су эррозиясы. Өте қатты болып жатыр. Бізде далалық қой. Өсімдіктерді, ағаштарды егу керек. Желдің күшін азайтамыз сонда.

Қоршаған ортаны қайта қалпына келтірудің қарапайым әдіс тәсілдері «Топырақтың алты дюймі» деректі фильмінде көрсетілген. Шағын шаруа қожалықтарының экожүйедегі орны, жергілікті қауымдастықты қолдау мәселелері паш етіледі. Танымдық кино кешінде болашақ экологтар мен ғалымдар жер ресурстарын қорғау және экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңыздылығын талқылады.

Мәдина Жұмахметова, болашақ эколог:

- Табиғатты қорғау бұл бір күндік қана науқан емес, бұл бізде мәдениет пен сананың бірлестігінің көрсеткіші деп білемін. Егер де біз еліміздің бүгіннен бюастап қолымызға алатын болсақ болашақ ұрпаққа деген біз жанашырлықтың белгісін айта аламыз. Және де "Таза Қазақстан" бағдарламасы бұл тек бағдарлама емес, бұл біздегі болашақ ұрпаққа деген үлкен жауапкершіліктің нышаны деп білемін.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Былтыр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жоба аясында Ақтөбе облысындағы 300-ге жуық өзен-көлдің жағасында сенбілік өтті. 174 мың түп ағаш егілген. Бұл шаралар биыл да жалғасын табады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов