Жамбыл облысында ауылының тазалығына немқұрайлы қараған әкімдер жазаланды

Жамбыл облысында ауылының тазалығына немқұрайлы қарап, міндетін дұрыс орындамаған 25 әкімге айыппұл салынды.

Жалпы олардан 4,5 млн теңге өндіріледі. Әсіресе Мойынқұм ауданындағы елді мекендерде қоқыс жиналып қалған. Аудандағы 10 ауылдық округтің әкіміне шара қолданылды. Экология департаменті рейд жүргізіп, ауыл-аймақтың тазалығын тексеріп шықты. Заңсыз қоқыс полигондарын жою бойынша, ауыл әкімдеріне 1 ай мерзім де берілді. Алайда, көбі ескертуді елемеген. Эколог мамандар жастармен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі туралы айтты. «Таза Қазақстан» экоакциясының маңыздылығын түсіндірді. Былтыр облыс бойынша 300-ден астам заңсыз полигон анықталды. 

Ақерке Қырғызбаева, облыстық экология департаментінің бас маманы:

- Облыс аумағында 109,4 мың адам іс-шараға қатысты. Оның ішінде 56 тарихи-мәдени ескерткіштер, 105 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 31 мың шақырым көше жолдары, 858 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды. Жалпы облыс аумағында осы уақытқа дейін 12,1 мың тонна күл, қоқыс шығару жұмысы жүргізілді.