Жайыққа Ресейден жіберілетін су көлемі артты
Батыс Қазақстан облысында Ресейдегі Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі ұлғайтылды.
Қазір су мөлшері секундына 139 текше метрге дейін көтерілді. Бұрын қыс айларында Жайық өзенімен секундына 15 текше метр ғана су келетін. Мұндай шешім көктемгі тасқынға дайындық аясында қабылданған. Мамандардың айтуынша, жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр және су басу қаупін тудырмайды. Қайта қыс мезгіліндегі мол суды пайдаланып қалуға қам жасалады. Жыл басынан бері Жайық-Көшім суармалы-суландыру жүйесіне 23 миллион текше метр су алынды.
Рауан Құсайынов, “Қазсушар” РМКК БҚОФ директоры:
- Орташа есеппен Ирикла су қоймасынан Орал қаласына дейінгі судың жету мерзімі 20-25 күнді құрайды. Осыған байланысты Жайық өзеніндегі судың деңгейі ондай қатты көтерілмейді деген болжам бар. Алайда соңғы негізгі болжам наурыз айының бірінші онкүндігінде дайын болады. “Қазгидрометтен” хабар күтіп отырмыз.