Жезқазғанда тазалықты бейнекамералар бақылайды

Жыл басынан бері Ұлытау облысы аумағында абаттандыру ережелерін бұзған 300-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылардың басым бөлігі бейнебақылау камералары арқылы анықталған. Қазіргі таңда өңірде 3,5 мыңнан астам бейнебақылау құрылғысы жұмыс істейді. Олар қоғамдық орындарға, әлеуметтік нысандарға және көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған. Сонымен қатар қоқыс алаңдарының тазалығы да тұрақты бақылауда. Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы қоқыс алаңдарына адамның бет-жүзін анықтайтын 60 камера қойылған. Бұл құрылғылар қоршаған ортаны ластаушыларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Жанболат Көшеков, Ұлытау облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

- Белгіленбеген жерге қоқыс тастаған болса бейнекамера тез арада оның бет әлпетін белгілеп алып, бақылап отырған инспекторлардың компютерінің алдында көрсетіп тұрады. Олардың көбіне ескертулер салынды. Себебі бізде бірінші ескерту. Содан кейін егер де тағы да тәртіп сақтамаса заңда көрсетілген шаралар қолданамыз.