Үкімет Каспий теңізін зерттеуге ₸1,1 млрд бөлді

Ел Үкіметі Каспий теңізін кешенді зерттеу мен сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді.

Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қомақты қаржыға теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі жабдықтар сатып алынады. Гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханалар жаңғыртылады. Осылайша Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ғылыми әлеуеті нығая түседі. Бүгінде институт халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтіп, Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қауымдастығына мүше болды. 

Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Каспий ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институт қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп бастады. Институттың негізгі мақсаты - ғылыми зерттеу, қоршаған ортаны мониторинг жасау үшін құрылған. Сонымен бірге институттың мақсаты бар ол Каспий мемлекеттермен бірлесіп, жұмыс жасап, Каспийдің проблемаларын көтеріп шешу.