Қауіпті қалдықтарды қауіпсіз өңдеу
Соңғы бес жылда елордадағы кәсіпорын құрамында сынабы бар шамдар мен термометрлерді жүйелі түрде қайта өңдеп келеді.
Халықаралық қалдықсыз күн аясында өндіріс орнының жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырылды. Кәсіпорында мамандар аса қауіпті саналатын сынапты қоршаған ортаға залал келтірмей бөліп алып, заманауи технологиялар арқылы толық кәдеге жаратады. Бұл – экологиялық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған тиімді әрі жауапты өндіріс үлгісі. Себебі улы зат қарапайым қоқыс полигонына түссе, кейін топыраққа және адамдардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті Астанада бұндай қалдықтарды бөлек жинау жүйесі қалыптасқан. Ол үшін тұрғын үйлер маңына арнайы контейнерлер қойылған. Айта кету керек, былтыр ел Үкіметінің қаулысымен 2026-2030 жылдарға арналған барлық қалдық түрлерін басқару тұжырымдамасы бекітілген болатын.
Антон Пронькин, кәсіпорынның инженер-экологы:
- Біз бұл шамдарды демеркуризациялаймыз. Яғни ауыр металдық сынап пен оның қосылыстарын қауіпсіз түрде шығарып аламыз. Тазаланған сынапты әрі қарай да қолдануға болады. Ал өзге қалдықтарды құрылыс жұмыстарында пайдалану үшін қайта өңдеуден өткіземіз. Жалпы Астанада осындай қалдықтарды жинау үшін 600-ге жуық арнайы контейнерлер орнатылған. Біздің қызметкерлер солардың барлығын жинап, осы кәсіпорынға әкеледі. Кейін барлығын қайта өңдеуден өткіземіз.