Өңірлік экологиялық саммиттің алғашқы күні
Орталық Азия елдері ауаны тазарту мәселесінде күш біріктіреді.
Жаһанды алаңдатқан түйткілді мемлекет басшылары бірлесіп шешуді қолға алмақ. Бастама өңірлік экологиялық саммитте айтылды. 15 елден ресми делегациялар қатысқан диалог алаңында су тапшылығын жою, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, климат жағдайы сөз болды.
Әлем назары Астанаға ауды. Елорда төрінде елдерді елеңдеткен салмақты мәселелер сөз болады. Жаһанды алаңдатқан су тапшылығы, Аралдың тағдыры мен жасыл энергия көздерін дамыту жайы айтылып жатыр. Жиынның алғашқы күнінде Орталық Азия мемлекеттері ауаны тазарту ісін бірлесіп атқаруға құлық танытты. Осы ретте үкіметаралық коалиясы құру бастамасы да көтерілді. Нақты нәтиже ертеңгі пленарлық басқосуда белгілі болмақ.
Рольф Пайет, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы:
- Мемлекет басшыларының осы өңірдегі үдерістерге белсенді қатысып жатқаны қуантады — бұл климаттың өзгеруі мәселелеріне ең жоғары саяси деңгейде назар аударылып отырғанын білдіреді. Алаңда БҰҰ-ның түрлі ұйымдары ұсынылған, соның ішінде менің ұйымым да бар — ол химиялық заттар мен қалдықтарды реттеу және тиімді басқарумен айналысады. Бір қарағанда, бұл тақырып климатқа қатысы жоқ сияқты көрінуі мүмкін, алайда байланыс тікелей: парник газдар шығарындыларының шамамен 20%-ы біз күн сайын өндіретін қалдықтарды тиімсіз басқарудан туындайды. Бұл өңір елдерімен бірлесіп әрекет ету арқылы жағдайға нақты ықпал ету мүмкіндігіміз бар екенін білдіреді.
Суға сұраныс артады. Қазір жаһанды осы жәйт толғандырып тұр. Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай әлемде тіршілік нәріне қажеттілік 20-25%-ға жетпек. Бұл үрдіс Қазақстан үшін де өзекті. Алдағы 15-20 жыл ішінде біз де су тапшылығы жоғары мемлекеттер қатарына енуіміз әбден мүмкін. Сарапшылар осындай пайым айтты. Сала министрлігі мәселеден хабардар.
Нұрлан Исаков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бас сарапшысы:
- Су тапшылығын алдағы уақыттарда болдырмау үшін ең бастысы біздің министрлік тарапынан 2024 жылдан бастап 2 салалық бағдарлама құжаттар әзірледік. 2030 жылға дейін су саласын дамыту тұжырымдамасы 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығы дамытудың кешенді жоспары әзірленген.
Саммиттің мазмұндық бөлігі сегіз басым бағыттың төңірегінде құрылған. Бұл қатарда климаттық көшуді қолдау, табиғи ресурстарды орнықты басқару, әділ және инклюзивті көшу тақырыптары талқыға түседі. Жұмаға дейін жалғасатын жиын аясында 60-қа жуық шара ұйымдастырылмақ. Жалпы нәтижесінде 51 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. 13 меморандум, 16 бірлескен мәлімдеме бар.
Кәмшат Мұхамеджан, Арман Ақшабаев