RES 2026 шетелдік БАҚ назарында

Астанадағы Өңірлік экологиялық саммит климаттың өзгеруімен бірге аймақта туындап отырған экологиялық мәселелердің кең ауқымын қамтиды. 

«Еуроньюс» осылай деп мәлімдеді. Басылым сарапшылары Орталық Азия әлемдегі ең жоғары климаттық тәуекелдерге тап болғанын айтады. Мұнда орташа жылдық температура жаһандық көрсеткішке қарағанда жылдамырақ көтеріліп жатыр. Аймақтағы жердің 20%-ы тозып кеткен. Бас қаламыздағы халықаралық ірі іс-шараға  шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары қандай баға беріп, нендей түйткілдерге назар аударып жатыр? 

Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелерге басымдық беруі заңдылық. Себебі халық денсаулығына үлкен қауіп төндіріп тұрған жаһандық жылыну мен өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жердің тозуы кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Еуроньюс басылымы өңірлік саммит жайлы ауқымды мақаласын осылай деп бастады. Мақала авторы саммиттегі негізгі тақырыптың бірі су мәселесі екенін айта келе Арал теңізінің тағдырына ерекше тоқталды. Оны экологиялық апаттың айқын белгісі деп көрсетті. Дегенмен мемлекет тарапынан қабылданған шаралар, соның ішінде 2005 жылы Қазақстанның бөгет салуының арқасында Солтүстік Аралдағы жағдай біршама оңалғанын жазады. Сондай-ақ ауқымды халықаралық іс-шара әр елдің «жасыл» қаржыландыруға деген қажеттіліктерін айқындап, төмен көміртекті технологияларды енгізуді жеделдетуге бағытталатынына назар аударады. 

Жапониядағы жетекші баслымының бірі «The Diplomat» журналы да Астанадағы саммитке көлемді мақаласын арнады. «Қазақстанның саммитті дипломатиялық алаң ретінде тиімді пайдалануы өте орынды», - деп жазады автор. 

Іс-шара экологиялық күн тәртібін күшейтіп, өңірлік климаттық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл үшін нақты механизмдер мен ұзақмерзімді бастамалар қажеттігін алға тартады. Басылым сарапшыларының сөзінше, экологиялық проблемалар трансшекаралық сипатқа ие. «Демек мемлекеттер арасындағы өзара серіктестік аса маңызды», - деп түйіндейді мақала авторы. 

Ал The Times of Central Asia басылымы экологиялық дипломатия өңір елдері саясатының басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Мақалада су деңгейінің төмендеуі аясында Каспий маңында орналасқан елдер ынтымақтастығының маңыздылығына мән берілген. Басылымның жазуынша, Орталық Азиядан тыс Армения, Әзербайжан, Моңғолия және Грузия елдері мәселені шешу жолында белсенділік танытып, үн қосып отыр. Сондай-ақ қатысушылар қаржыландыруды реттеу және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қажетті институттарды құруға ерекше назар аударатыны туралы айтылған.