Орталық Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі

«Өңірде су болмаса Орталық Азия елдерінің де күні қараң». Бұл күні кеше Халықаралық отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі.

Ал әлемде геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта аймақ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі үшін де бірлесіп әрекет етуі де ауадай қажет. Өңірде аграрлық сала қалай дамып жатыр? Су және жер ресурстарын басқаруда қандай мәселелер бар? 

Азық-түлік қауіпсіздігі Өзбекстан үшін басты міндеттердің бірі. Осы ретте ел экономикасының күре тамыры саналатын ауыл шаруашылығы өте маңызды рольге ие. Қазір Өзбекстан тұрақты су ресурстарын басқаруға ерекше көңіл бөліп отыр. Халықтың дені жеке шаруашылықтарын ашып, түрлі дәнді дақылдарды егіп-өсірумен айналысады. Ал Хорезм облысында жалпы ішкі өнімінің тең жартысы ауыл шаруашылығы өндірісінің үлесіне тиесілі, бұл салада еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы жұмыс істейді. Жергілікті экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін суармалы судан тарықпау маңызды.

Қырғызстан – теңізге шығар жолы жоқ, таулы мемлекет. Онда кейінгі 15 жылда суармалы жер көлемі 16 пайызға азайған. Бұған климаттың күрт өзгеруі себеп. Жаһандық жылыну салдарынан 2060-шы жылға қарай Қырғыз жеріндегі мұздықтардың 80 пайызға жуығы мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі онжылдықта Ыстықкөлдің су деңгейі 14 метрге төмендеген, ал көлді қоректендіретін өзендер саны 100-ден 39-ға азайған.

Аумағының 93%-ын таулар алып жатқан Тәжікстан Мұздықтарды қорғау мақсатында түрлі шараларды қолға алған. Бұған дейін ресми Душанбе 2025-ші жылды Мұздықтарды сақтау жөніндегі халықаралық жыл деп жариялауды ұсынған. Қазір жергілікті билік Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен елде табиғи ресурстарды қорғауға көп көңіл бөліп жатыр. Мемлекет ғылым, саясат және серіктестікті біріктіру арқылы Тәжікстан мен Орталық Азияда ғана емес, күллі әлемде тұрақтылық орнатуға ниетті. Бұл бағытта жасанды интеллектті игеру де маңызды - дейді билік өкілдері.

Әр адам дұрыс тамақтануға құқылы. Бұл Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюйдің айтқан сөзі. Жыл басында Түркіменстанға сапарлап барған ол бидай мен дәнді-дақылдың жеткілікті болуы азық-түлік қауіпсіздігін білдірмейтіндігін алға тартты. Оның пікірінше, нағыз қауіпсіздік бұл - көмірсу, құнарлы тағам мен денсаулыққа пайдалы сапалы азық қорын қалыптастыру. Түркіменстанда ас-суға мұқтаж жандар саны 2029 жылға қарай 800 мыңнан асады деген болжам бар. Демек Орталық Азия елдері бұл мәселені шешуде жұмыла жұмыс істеуге мүдделі.

Авторы: Нұрбике Жігер