Қазгидромет: Өскемендегі жарылыстан кейін ауада зиянды заттар көбейген

Фото: depositphotos.com

Өскеменде зауыттағы жарылыстан кейін ауада зиянды заттар көлемі көбейген, деп хабарлайды «24KZ».  

Ауа сапасына зерттеу жүргізген «Қазгидромет» мамандары осындай қорытындыға келді.
Мамандар ауадағы ластаушы заттардың құрамын анықтау үшін күкірт қышқылы, күкіртсутек, күкірт диоксиді, хлорсутек, азот диоксиді, азот оксидіне сынамалар алған. 

«Бірінші нүкте – Белинский көшесі, 3 мекенжайы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде хлорсутек бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден 1,8 есе артық екені анықталды. Екінші нүкте – Асқар тау көшесі, 11 мекенжайында күкіртсутек шекті рұқсат етілген мөлшерден– 1,7 есеге, ал көміртек тотығы – 3,6 есеге асып кеткен. Үшінші нүкте – Широкая көшесі, 16 мекенжайында тікелей өлшеу әдісі бойынша шекті мөлшерден асу фактілері тіркелген жоқ», – деп жазылған зерттеу нәтижесінде. 

Өскемендегі зауытта жарылыс болғаннан кейін, Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мамандары ауа сапасын зерттеуге кіріскенін хабарлаған.