Қазақстан суды тұтынуды үнемдеу бойынша Орталық Азияда алдыңғы орынға шықты

Бұған саланы цифрландыруды күшейту оң ықпал еткен. Еліміз тіршілік нәрін пайдалану бойынша әлемдегі 193 мемелекеттің ішінде 31-орынға табан тіреді.

Осы ретте Біріккен ұлттар ұйымы су тапшылығы бақылауға алынса, оңтайлы шешімін табуға болатын мәселе, ал дағдарысқа ұласқан жағдайда күрмеуі қиындап, мемлекеттің тұрақты дамуына қауіп төндіретінін ескертеді. 

Қазақстанда осы уақытқа дейін су саласы бойынша 23 мыңнан астам нысан цифрландырылды. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылыс бар. Жасанды интеллектіге негізделген жүйе су ресурсын тиімді бөліп, ағыны мен қорын бақылау бойынша ұтымды тәсілдер ұсынады. Енді Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан тіршілік нәрін ең үнемді тұтынатын ел атанып отыр. 1 адам тәулігіне шамамен 3397 литр су пайдаланады. Бұл өзге мемлекеттермен салыстырғандағы ең төменгі көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алғанда, Қырғызстанда су тұтыну көлемі - 4153 литрді, Тәжікстанда - 4460, ал Өзбекстанда - 4778 литрді құрайды. Жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша әлемде Түрікменстан көш бастап тұр. Елде бір адам тәулігіне орта есеппен 15  445 литрге дейін су пайдаланады.  

Халықтың су тұтыну көрсеткіші

Қазақстан -  3 397 литр

Қырғызстан - 4 153 литр

Тәжікстан – 4 460 литр

Өзбекстан – 4 778 литр

Түрікменстан - 15 445 литр

Лаура Сейілбек, эколог:

- Қазіргі таңда су тұтынуы төмендеуі, нтт де ол және ең озық қолжетімді технологиялар дейді, соны енгізумен байланысты. Кәсіпорындар айналадағы су жүйелерін қайтадан өңдейді және де цифрлық бақылауға, заманауи тазарту технологияларына көшуде, осының арқасында су қайта пайдаланылып шығыны азайып жатыр.

Ал әлемде су тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Worldometers дерегіне сәйкес, дүниежүзінде тұщы суға сұраныс жылына шамамен 64 миллиард текше метрге көбейіп отыр. Суды ең көп тұтынатын елдердің қатарында Үндістан, Қытай және АҚШ бар. Бұл мемлекеттер жылына 700 миллиард текше метрге дейін су қолданады. Тізімде Қазақстан 31-ші орынға көтерілген. Еліміз жылына 22 млрд 770 миллион текше метр су пайдаланады. Бұл әлдеқайда төмен.

Суды үнемді тұтынуға келгенде жағдай әсіресе Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Азия мен Американың оңтүстік-батысында қиындап барады. Бейжің, Нью-Йорк, Дели, Лос-Анджелес және Рио-де-Жанейро сияқты қалаларды қоса алғанда, 38 шаһар «өте жоғары деңгейдегі су тапшылығына» тап болып отыр. Мәселеге ауыл шаруашылығында суды шамадан тыс пайдаланудан бөлек халық санының өсуі, өнеркәсіптік сұраныс пен коммуналдық тұтынудың артуы әсер еткен. Бұл өткен жыл бойынша Watershed Investigations компаниясы келтірген дерек.

Су тапшылығына әсер еткен факторлар

Халық санының өсуі – 31%

Өнеркәсіптік сұраныс – 30%

Коммуналдық тұтыну – 46%

Дереккөз: Watershed Investigations, 2025 ж.

Кавех Мадани, БҰҰ Су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының жетекшісі:

- Дүниежүзінде 2 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру. Ал әлем халқының ¾ бөлігі тіпті қара суға зар боп отыр. Тағы 3,5 миллиард тұрғын санитарлық талап сақталмаған өңірлерді мекендеуге мәжбүр.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу, теңіз суын тұщыландыру, суды қайта тазалап пайдалану шығыны көп, бірақ маңызды шешім. Осы тұста су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мен климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын жүзеге асыру барлығына ортақ міндет, - дейді сарапшылар. 

Авторы: Нұрбике Жігер