Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 27 мамыр күні Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Астана қаласында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Алматыда күндіз жаңбыр мен найзағай болады. Кешке қарай кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15 м/с-қа дейін жетеді.
Шымкентте кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай мен дауыл болады. Түнде және таңертең қатты жаңбыр мен бұршақ жауады. Желдің екпіні күндіз 23 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында жаңбыр, бұршақ, найзағай мен дауыл болады. Кей аудандарда қатты жаңбыр жауады. Солтүстік бөлігінде шаңды дауыл болжанып отыр. Жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болады. Кей өңірлерде желдің екпіні 25-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Сонымен қатар бірқатар облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Абай облысында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Шығыс Қазақстан облысында жел күшейеді. Павлодар облысының солтүстігінде аздаған жаңбыр мен найзағай болады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз