ДМҰ: 2027 жыл ең ыстық жыл болады
Алдағы бес жылда Жердегі орташа температура жаңа рекордтар орнатады. Соңғы 70 жылдағы ең ыстық уақыт болады, деп хабарлайды «24KZ».
БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мәліметінше, 2027 жыл ең ыстық жыл болады. 2026-2030 жылдар аралығында Жердің орташа температурасы рекордтық көрсеткіштерге жетуі мүмкін.
2026-2030 жылдардағы орташа жылдық температура 1850-1900 жылдардағы орташа көрсеткіштен 1,3 - 1,9 градусқа жоғары болуы мүмкін, делінген ұйымның баяндамасында.
ДМҰ Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда кем дегенде 1,5 градусқа жоғарылау ықтималдығын 75 пайыз деп бағалады. Бұл шек - 2015 жылғы Париж климаттық келісімімен белгіленген жаһандық жылынудың келісілген ұзақ мерзімді лимиті.
ДМҰ баяндамасына сәйкес, 86 пайыз ықтималдықпен 2026 және 2030 жылдар аралығындағы жылдардың бірі 2024 жылғы рекордты жаңартып, бақылау тарихындағы ең жылы жыл болады. Метеорологтар Эль-Ниньо әсерінен 2027 жылы жаңа рекорд орнауы мүмкін деп болжайды.
Сондай-ақ алдағы бес қыс бойы Арктикадағы температура 1991-2020 жылдардағы орташа деңгейден 2,8 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Алдағы бес жылда Солтүстік Еуропада қыс өте ылғалды болуы мүмкін - бұл аймақ үшін негізгі климаттық тәуекелдердің бірі, ол су тасқынының ықтималдығын арттырады, деп көрсетеді метеорологтар.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз