Тәуелсіздік шежіресі: Қазақстан БҰҰ-ға қалай мүше болды?
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұсынылған «Тәуелсіздік шежіресі: 35 дерек» айдары аясында егемендік тарихындағы айтулы оқиғаларға шолу жасаймыз. Бүгінгі дерек — 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) толыққанды мүшесі атануы. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін небәрі 77 күн өткенде қабылданған бұл тарихи шешім еліміздің халықаралық ынтымақтастығының жаңа кезеңін бастады, деп хабарлайды «24KZ».
Тарихи шешім қалай қабылданды?
Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылдану үдерісінде отандық дипломаттар, соның ішінде Ақмарал Арыстанбекова маңызды рөл атқарды.
· 1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болу туралы ресми өтініші ұйымның Бас хатшысына тапсырылды.
· 1992 жылғы 23 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанды ұйым мүшелігіне қабылдауды ұсынатын №732 қарарды мақұлдады.
· 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында тиісті қарар дауыс берусіз қабылданып, Қазақстан ұйымның толыққанды мүшесі атанды.
Тарихи оқиғаға қатысты қызықты деректер
Сол күні БҰҰ қатарына бірден тоғыз мемлекет қабылданды. Қазақстанмен бірге Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Сан-Марино ұйымға мүше болды.
Ақмарал Арыстанбекованың естеліктеріне сәйкес, Қазақстанды ұйым мүшелігіне қабылдау туралы қарар жобасына 119 мемлекет тең автор болған. 1992 жылғы 15 сәуірде Ақмарал Арыстанбекова Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі болып тағайындалды. Ал 1993 жылғы 16 ақпанда Алматыда БҰҰ-ның еліміздегі алғашқы кеңсесі ашылды.
Қазақстан және БҰҰ
Ұйымға мүше болғаннан бері Қазақстан халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, бейбітшілікті сақтау және орнықты даму бағыттарындағы бастамаларға белсенді қатысып келеді.
Еліміздің БҰҰ аясындағы белсенді рөлінің айқын көрінісі ретінде 2011 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры болып тағайындалуын атауға болады. Сонымен қатар ол Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы әрі осы конференциядағы БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі қызметтерін атқарды.
2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып алғаш рет сайланды. Еліміз 2017–2018 жылдары Кеңес құрамында жұмыс істеп, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты.
Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы тәуелсіз елдің дипломатиялық тарихындағы маңызды белеске айналып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.