Тұздыкөлдің тағдыры алаңдатады

Атырауда балшығы минералға бай кеніште 2 млрд тонна табиғи тұз қоры бар.

Соны игеру үшін құны 10 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба алынған еді. Яғни жылына 1 млн тонна шикізат өндіру жоспарланған.

Бірақ сол маңдағы тұрғындар мен белсенділер экологияға кері әсері бар деп дабыл қақты. Мұны сала мамандары да жоққа шығармайды.

Арыстанбек, Кенже, тілші: 

- Бұл Индердің әйгілі Тұздыкөлі. Оның ұзындығы 13, ені 11 шақырымнан алып жатыр.  Ал тереңдігі кей жерлерде 50 метрден асады екен.

Болжам бойынша кеніште 2 млрд тоннадан астам тұз қоры бар. Бұған дейін мемлекеттің ерекше қорғауында болған «Тұздыкөл» 4 жыл бұрын арнайы тізімінен шығарылған. Қазір өңірде аталған кенішті игеріп,   ас тұзы мен тұз содасын өндіруге арналған 2 жоба қаралып жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар экологиялық ахуалға алаңдайды. Тұзды шаң топырақ пен суды бүлдіреді, дейді олар.

Жамбыл Дәуітәлиев, қоғам белсендісі:

- Ол тек Индер емес, 9 км жердегі Жайыққа құйылады. Ол Жайыққа құйылғасын ащиды. Бүкіл халықтың бәрі ауыз суды Жайықтан алып отыр. Ол Атырауға дейін барады. Мал шаруашылығы көп осы жерде. Егер жаңағыдай болатын болса бүкіл жердің бәрі тұзданып, мал шаруашылығынан да айырыламыз. 

Кеніште жұмыс істеп отырған кәсіпорын жылына 150-200 мың тонна тұз өндіреді. Мекеме 1987 жылдан бері 10 гектар аумақты ғана игерген.  Экологиялық талаптар дұрыс орындалса, қазылған кеніш 10-15 жылда қайта қалпына келеді,- дейді мамандар. Дегенмен, қоршаған ортаға әсері барын жасырмайды.

Димат Туғанбай, тұз зауытының техникалық директоры:

- Біз көлді бүлдірмеу үшін осындай тұздың өзінен жол саламыз. Машиналар тек қана сол жолмен жүруі керек. Көл қазір суымен тұр. Мамыр-маусымда ол кеуіп, мына жер шаңдата бастайды. Ол бізге де проблема. Бірақ барлық жерді қаза бастаған кезде білмеймін, ештеңе утверждать ете алмаймын, бірақ әсер етеді.

Жаңа жобалар жүзеге асатын болса, өңірге 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жылына 1 млн тонна тұз өндіріледі. Жаңадан 500-дей тұрақты жұмыс орны құрылады. Бірақ бұл жоба әлі мұқият сараптауды қажет етеді,- дейді мамандар. 

Гүлайым Телеубаева, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Ұсынылған экологиялық құжаттамалардың барлығы экологиялық кодекс талаптарына сәйкестігін біз қазір қараудамыз. Қорытындының шешімімен ғана олардың жұмысқа кірісуге құқығы болады. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Аудан тұрғындары мүдделі жұртшылықтың көпшілігі бұл жобаға қарсы.

Индердегі тұз кәсіпшілігінің болашағына қатысты пікір осылайша екіге жарылып отыр. Бір тарап өндіріс өңір экономикасына серпін береді десе, енді бірі оның экологиялық әсеріне алаңдайды. Әзірге нақты шешім шыққан жоқ.    

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов