Қазақстанда өзен-көлдердің тартылуы су дағдарысы қаупін күшейтті

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстандағы климаттың өзгеруі елдің экономикалық тұрақтылығының негізгі факторларының бірі саналатын су ресурстарына тікелей әсер етуде. Соңғы жылдары елімізде Жайық, Тобыл, Ертіс және Есіл өзендеріндегі су деңгейінің тұрақты төмендеуі, сондай-ақ Балқаш пен Каспий су айдындарының тартылуы байқалып отыр. Бұл туралы Qazaq Expert Club-тың су саясаты саласындағы сарапшысы Қуаныш Өзбеков мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Сонымен қатар климаттық циклдің өзі өзгеруде: қыс мезгілдері жылырақ болып, қардың жиналуы мен еру режимі бұзылуда. Соның салдарынан судың бір бөлігі су қоймаларына жетпей, ертерек топыраққа сіңіп кетеді немесе буланып кетеді.

Сарапшының айтуынша, 2024 жылғы оқиғалар елдің қаншалықты осал екенін көрсетті. Су тасқындары салдарынан 170 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, ал мыңдаған ғимарат су астында қалды.

«Болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы қажеттіліктің 50%-ына дейін жетуі мүмкін, ал 2050 жылға қарай су дағдарысы елдің ЖІӨ-сін 6%-ға төмендетуі ықтимал. Бұл мәселенің экология шеңберінен шығып, макроэкономикалық тұрақтылық факторына айналып отырғанын көрсетеді», – дейді Қуаныш Өзбеков.

Қосымша қиындықтардың бірі – экономиканың жоғары ресурстық сыйымдылығы. Өнім бірлігіне шаққандағы су тұтыну көлемі шамамен 109 текше метрді құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Ресейге қарағанда 2,5 есе, ал Австралиядан 5 есе жоғары.

Сарапшының пікірінше, мұндай көрсеткіштер су ресурстарын пайдалану тиімділігінің төмендігін және бірқатар салалардың технологиялық тұрғыдан артта қалғанын көрсетеді.

Жағдайды су ресурстарының географиясы да күрделендіреді. Өзен ағынының шамамен жартысы елімізден тыс жерлерде қалыптасады, ал Қазақстан трансшекаралық өзен бассейндерінің төменгі ағысында орналасқан.

«Бұл елді көрші мемлекеттердің су саясатына тәуелді етеді және тұрақты өңірлік ынтымақтастықты дамытуды талап етеді», – дейді сарапшы.

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде институционалдық шаралар қабылдануда. 2025 жылдың сәуір айында жаңа Су кодексі қабылданып, онда алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітілді.

Құжатта 20 жаңа су қоймасын салу, 15 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау және 14 мың шақырым ирригациялық желіні қалпына келтіру көзделген.

2030 жылға қарай су шығынын 25%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Алайда Қуаныш Өзбековтің пікірінше, ең маңызды мәселе – жоспарланған шараларды тиімді жүзеге асыру.

Тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты заманауи технологиялар бүгінде-ақ су шығынын 50%-ға дейін азайтып, сонымен қатар өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бірақ оларды кең көлемде енгізу қажет.

«Бүгінде Қазақстан таңдау кезеңінде тұр. Су үнемдеу технологияларын, цифрлық мониторингті және ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу жылдамдығына экономиканың тұрақтылығы мен әлеуметтік тұрақтылық деңгейі тәуелді.Сонымен қатар мүмкіндіктер терезесі біртіндеп тарылып келеді. Алдағы бірнеше жылда қабылданатын шешімдер елдің ондаған жылдарға арналған су қауіпсіздігі деңгейін айқындайды», – деп түйіндеді Өзбеков.