Елдегі ұлттық парктерге қызығушылық артып келеді: туристер саны 3,7 млн-ға жетті

Фото: depositphotos.com

Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына келушілер саны артып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ»

Министрдің айтуынша, 2025 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келген туристер саны 3,7 млн адамға жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 млн адам болған. Осылайша бір жылда шамамен 900 мыңға жуық өсім тіркелді.

Қазіргі таңда негізгі туристік әлеует ұлттық парктерге шоғырланған. Олардың аумағында 179 туристік маршрут және 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірлерде «Таза туризм» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама Шарын және Көлсай көлдері ұлттық парктерінде пилоттық режимде іске қосылып, кейін Іле-Алатау, Алтынемел, Қарқаралы, Сайрам-Өгем, Көкшетау, Баянауыл және Бурабай аумақтарына кеңейтілді.

Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бағдарлама аясында 179 қоқыс контейнері мен 81 урна орнатылып, 170 ақпараттық баннер қойылған. Сондай-ақ 7 фандомат іске қосылған.

Бұдан бөлек, келушілерге ұлттық парктер аумағында қоқысты өзімен бірге алып шығуға арналған биологиялық ыдырайтын пакеттер ұсынылады.

«Биыл бұл бастама Катонқарағай, Бұйратау, Ұлытау, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай ұлттық парктерінде де жалғасады», – деді Ерлан Нысанбаев.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз