Қазақстанда 494 дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр
Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба аясында 494 атаудағы дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр. Жалпы құны 862 миллион доллар болатын жобалар жүзеге асса, 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Өндіріс кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы 300 атаудағы дәрі-дәрмекті 2027-2030 жылдары шығару көзделген. Жаңа жобалар отандық фармацевтика өндірісінің көлемін ұлғайтып, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Салада өсім бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіру көлемі 37 пайызға артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 157 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына салынған инвестиция көлемі 3,3 есе, экспорт 1,9 есе өскен. Қазақстандық дәрілік препараттар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдоваға жеткізіледі. Бұған қоса, Шымкентте өндірілген қант диабетіне қарсы препараттың алғашқы партиясы Болгарияға экспортталды, -деді Денсаулық сақтау министрі.
Саланы одан әрі дамыту үшін өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар кеңейтіліп, отандық өнімді сатып алу тетіктері жетілдірілмек.