Каспийдің суы жағалауға жақындады: теңіз қайта жандана бастады ма?

Соңғы уақытта Ақтау тұрғындары теңіз деңгейінің көтеріліп, судың жағалау сызығына жақындағанын байқаған.  Көпшілік мұны Каспий теңізі қайта толып, бұрынғы қалпына келе бастағанының белгісі деп қабылдауда, деп хабарлайды «24KZ».

Lada.kz тілшісіне пікір білдірген Ақтау қалалық мәслихатының депутаты әрі «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин мұндай қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.

Оның сөзінше, тұрғындар байқаған құбылыс қысқа мерзімді табиғи факторлармен байланысты.

«Каспийге желдің ұзақ уақыт соғуынан туындайтын су айдау және су қайту құбылыстары тән. Соның әсерінен су кейде жағалауға жақындаса, кейде керісінше едәуір қашықтыққа шегінеді. Кей өңірлерде мұндай ауытқулар ондаған сантиметрге, тіпті бірнеше метрге дейін жетуі мүмкін», – деді Кирилл Осин.

Сонымен қатар көктем мезгілінде теңіз деңгейіне өзендерден келетін судың көбеюі де әсер етеді. Каспийге құятын судың шамамен 80 пайызы Еділ өзені арқылы келеді.

«Көпжылдық үрдіске қарайтын болсақ, өкінішке қарай, Каспий теңізінің деңгейі төмендеуін жалғастырып жатыр. Сондықтан судың жағалауға жақындауын уақытша әрі жергілікті құбылыс ретінде қарастырған жөн», – деді Кирилл Осин.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің болашағына қатысты ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Қазіргі таңда екі негізгі ғылыми көзқарас бар.

Бірінші теория қазіргі климаттық модельдерге негізделген және ең ықтимал нұсқа ретінде қарастырылады. Бұл болжам бойынша ауа температурасының көтерілуі мен буланудың артуына байланысты Каспий деңгейі әрі қарай төмендей береді. Әртүрлі есептеулерге сәйкес, ғасыр соңына қарай теңіз деңгейі 9–18 метрге дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші теория Каспийдегі өзгерістердің циклдік сипатқа ие екенін алға тартады. Кейбір зерттеушілер қазіргі төмендеу кезеңі уақыт өте келе су деңгейінің қайта көтерілу кезеңімен ауысуы мүмкін деп есептейді. Алайда бұл болжамның ғылыми дәлелі әзірге аз.

Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда ең ықтимал сценарий – теңіз деңгейінің біртіндеп төмендеуін жалғастыруы, дегенмен бұл үдерістің қарқыны жыл сайын өзгеріп отыруы мүмкін.

Кирилл Осин Каспийдің тартылуын тек жағалаудағы мемлекеттердің күшімен толық тоқтату мүмкін емес екенін де атап өтті.

Өйткені негізгі себеп – жаһандық климаттың өзгеруі. Соған қарамастан, өңір елдері су ресурстарын тиімді басқару арқылы бұл үдерісті баяулатуға ықпал ете алады.

Ол үшін ең алдымен Еділ өзенінің ағысын сақтау, су қоймаларының жұмысын тиімді ұйымдастыру және судың ысырабын азайту қажет. Экологтың пікірінше, мұндай шаралар теңіз деңгейінің төмендеу қарқынын бәсеңдетіп, Солтүстік Каспийдің экожүйесін сақтауға көмектеседі.

Кирилл Осиннің айтуынша, қазіргі жағдайда ең тиімді тәсіл – өзендерден келетін су көлемін сақтауға бағытталған шараларды жүзеге асырып, жағалау аумақтарын Каспий теңізі деңгейінің болашақтағы өзгерістеріне бейімдеу.