Қазақстанның суды қалай жұмсап жатқаны ғарыштан бақыланады

Қазақстанда судың қалай, қаншалықты жұмсалып жатқаны ғарыштан бақыланады.

Бұл пилоттық жоба егістікті дұрыс суарып, суды үнемді жұмсауға және оның булану көлемін айқындауға көмектеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға мемлекеттік сапары аясында Брюссельде жасанды интеллект, ғылым, цифрлық инфрақұрылым және ғарыштық технологиялар саласын дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық келісімге қол қойылды. Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен арада бекітілген меморандум аясында тараптар жасанды интеллект қауіпсіздігі бойынша әріптестікті күшейтіп, бірлескен зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. 

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

-  Жамбыл облысында су тұтынуды талдау жобасын жүзеге асырып жатқан Hydrosat (оқылуы Хайдросат) компаниясымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Біз ғарыш пен спутниктік суреттерді және Жерді қашықтан зондтау жобаларын көбейтеміз.

Қазақстан - Бельгия білім ынтымақтастығы

Сапар аясында Бельгия патшалығының екі бірдей университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі ғасырдан астам тарихы бар Гент университетімен математикалық модельдеу, ғылыми есептеулер және жасанды интеллект саласында зерттеулерді жүзеге асыру көзделіп отыр. Ал Ле́вен католик университетімен серіктестік инженерлік оқыту, технологияларды коммерцияландыру және ғылыми әзірлемелерді индустрияландыру бағыты бойынша нығаяды.

Стефан Ваес, KU LEUVEN Университетінің вице-ректоры:

- Ле́вен университеті Қазақстанда зерттеу, инновациялық хаб құруға мүдделі. Осы арқылы біздің мамандарымыз қазақстандық тау-кен инженерлері мен зерттеушілерінен көп нәрсе үйренер еді. Біз осы салада маңызды шикізатты өндіру бойынша тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Бұл екі ел үшін табысы мол серіктестік болары сөзсіз.