Солтүстікте ыстыққа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Солтүстік Қазақстан облысында да күннің ысуына байланысты дауылды ескерту жарияланды.

Өңірде сынап бағанасы 38 градусқа дейін көтерілді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі рейдтік шараларды күшейтіп, рұқсат етілмеген шомылу орындарын қатаң бақылауға алды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші: 

- Өңірде жаздың күні Есілден қауіп көп. Өйткені өзеннің қала маңындағы сағасында бір де бір рұқсат етілген шомылатын орын жоқ. Ал күн ысыса, адамдар жаппай жағалауға ағылады. 

Петропавл қаласында тек Пёстрое көлінде шомылуға ресми рұқсат бар. Ал қала ішімен өтетін Есіл өзенінің жағасы суға түсуге қолайсыз әрі қауіпті. Сондықтан онда құтқарушылар күн сайын рейдтік шаралар ұйымдастырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Биыл шомылу маусымы басталғалы облыс бойынша 2 адам суға кетіп қайтыс болған. 

Темірхан Сағындықов, қалалық ТЖБ офицері:

- 2024 жылғы су тасқыны кесірінен Есіл өзенінде көптеген қоқыстар әлі түбінде жатыр. Және де ол ағыстың қатты болуынан себебінен көп жерлерін астын шайып өткен. Және де Есіл өзеніне түсуге қазір қауіпті болып саналады.

Солтүстік Қазақстан облысында ең ыстық күн 1940 жылы шілденің 18-і тіркеліпті. Ол кезде сынап бағанасы +40 градус болған. Бұл межеге биылғы көрсеткіш те жақындап қалды. 

Татьяна Марьина, "Қазгидромет" СҚОФ бас инженер-синоптигі:

- Солтүстік Қазақстан облысындағы аптап ыстық тропикалық ауаның көшуіне байланысты. Әзірге жауын-шашын сирек болады. Ал  демалыс күндері сынап бағанасы 37 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Қазір облыс бойынша ресми түрде шомылуға рұқсат берілген 61 орын бар. Дегенмен, аптап ыстық күндері суға түсетін арнайы орынның аздығы анық байқалады. Сондықтан 690 шақырымға созылып жатқан Есіл өзенінің қауіпті тұстарында бақылау күшейе түспек.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков