Алматыда Есентай өзені мұнай өнімдерімен ластанған

Фото: depositphotos.com

Экологтар Есентай өзеніне тексеру жүргізіп, мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден асқанын анықтады, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы бойынша экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков мәлімдеді.  

Мамандар Есентай, Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Басқарасу өзендерінің, сондай-ақ Сайран көлінің жағдайын зерттеді. Зерттеу нәтижесінде мұнай өнімдерінің мөлшері тек Есентай өзенінде ғана шекті деңгейден асқаны анықталды, – деді Дінмұхамед Лесбеков.

Жалпы жыл басынан бері Алматыда 125 экологиялық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 58 заңбұзушылық анықталып, оларды жою бойынша 28 нұсқама берілген және 165 әкімшілік хаттама толтырылған.

Материалдарды қарау қорытындысы бойынша жалпы сомасы 34 миллион теңгеге жуық 162 әкімшілік айыппұл салынды. Оның 19,5 миллион теңгеден астамы өндірілді, – деп мәлімдеді департамент басшысы.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз