Маңғыстауда Каспий теңізіне май төгілді: Экологтар не дейді
Маңғыстау облысында Аташ жағажайы маңындағы Каспий теңізінің акваториясынан майлы дақтар анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Экологтар аумақта мониторинг жүргізіп, теңіз суынан зертханалық сараптамаға сынама алды.
Майлы дақтардың анықталғаны туралы ақпарат 8 тамызда түскен. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық Экология департаментінің мамандары Аташ жағалауы мен оған іргелес Каспий теңізінің акваториясын тексерген.
Мониторинг барысында теңіз суынан сынамалар алынды. Олар зертханалық зерттеуге жіберілді, — деп хабарлады Экология департаментінен.
Қазіргі уақытта Аташ аумағында және оған іргелес теңіз акваториясында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Ведомство мамандары теңізде жұмыс істейтін кеме экипаждарына, сондай-ақ айлақ иелеріне экологиялық талаптарды қатаң сақтау және мұнай өнімдерінің теңіз суына төгілуіне жол бермеу қажеттігін ескертті.
Жағдай облыстық экология департаментінің бақылауында.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз