Өскеменде ауа сапасын экодатчиктер бақылайды
Өскеменде ауа сапасын онлайн режимде бақылайтын 25 бекет орнатылды. Мұндағы экодатчиктер экологиялық ахуалды тәулік бойы бақылайды.
Ауадағы өзгерістері өңірлік талдау орталығына жедел жолдайды. Зиянды қалдық көлемі шектен асқан жағдайда экологтар тиісті шара қабылдайды.
Өскемендегі ауа сапасын бақылайтын жүйе атмосфераға тарайтын зиянды газдың 8 түрін анықтай алады. Экодатчиктер экологиялық ахуалды тәулік бойы үздіксіз қадағалайды. Онлайн режимде жұмыс істейтін құрылғы жиналған мәліметті сараптау үшін тікелей талдау орталығына жолдайды. Датчиктер өндіріс алаңдарымен қатар қаланың тұрғын үй аудандарына да орнатылды.
Экодатчиктер металлургиялық кешеннен тарайтын зиянды шығарындыларды және энергетика кәсіпорнынан бөлінетін шаң мен тозаң мөлшерін небары 5 минута анықтайтайды. Бұған дейін бұл міндетті Экология департаментінің мамандары бірнеше сағат жүріп атқаратын.
Айдос Дәулетханов, Цифрландыру және мұрағат басқармасының бөлім басшысы:
- Өңірлік талдау орталығының қолданысында 25 құрылыс компаниясының экобекеттері мен 13 қазридрометтің экобекеттері бар. Осы экобекеттерге күнделікті қолданысымызда ауаның ластануын қадағалау және осы ластану бойынша қандай да бір шешімдер қабылдау мақсатында жүгінеміз.
Эколог Дәулет Асанов: "Өнеркәсіптік аймақ үшін экологияны цифрландырудың маңызы зор", - дейді. Қазір өңірдегі ластаушы кәсіпорындар газ тазарту жүйелерін жаңғыртуға көшті. Жасанды интеллектімен жұмыс істейтін құрылғылар орнатылып жатыр. 2028 жылға дейін өңірде қоршаған ортаны қорғау жүйесіне 20 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда.
Дәулет Асанов, эколог:
- Эмиссияға төленген ақшаны жергілікті атқарушы органдар өздерінің көзқарасы бойынша жұмсайтын. Кезінде осындай проблемалар болатын. Ол көбінесе ремонттық жұмыс. Енді қазір экологиялық кодекс бойынша ондайға рұқсат берілмейді. Ол ақшаны тек қана қоршаған орнаты қорғауға жұмсау керек. Бұл бекітілген жоспардың ішінде бірнеше жақсы жұмыстар бар. Егер де шынымен су тазарту қондырғыларын қойса, онда эмиссиялардың көлемі едәуір азаяды.
Соңғы 5 жылда облыс бойынша ауаға тарайтын зиянды шығарындылар көлемі 3%-ға төмендеген. «Бұл – индустриялық аймақ үшін оң нәтиже», - дейді экологтар.