Өскеменде ірі қалдықтарға арналған 15 алаңқай ашылды
Өскеменде ірі қоқыстар бөлек жиналады. Осы үшін арнайы 15 алаңқай ашылды. Өйткені қоқыс жәшігінің маңайында ескі үй жиһаздары, жарамсыз электротехникалық құралдар сынды қажетсіз заттар үйіліп қалады. Салдарынан қоқыс алаңына апаратын жол жабылады. Тіпті арнайы техника өте алмайды, деп хабарлайды 24KZ.
Енді жаңа алаңқайлар осы мәселені шешуге тиіс. Алайда бұл алаңдар барлығына бірдей жете қоя ма?
Өскемендегі қоқыс алаңқайлары ірі көлемді заттарға толып қалатын кез көп. Жәшіктерге 237 бейнебақылау камерасы бағытталып тұрса да, амалын тауып үйінен шыққан керексіз дүниелерді лақтыра салатындар баршылық. Сөйтіп арнайы техника үйілген қажетсіз жиһаздар салдарынан контейнерлерге жете алмай жатады. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін қалада жаңа жоба басталды. Ірі ауыр қалдықтарға арналған 15 алаңқай ашылды. Бұл қалалықтардың да ойынан шығып жатыр.
Роза Миронихина, Өскемен қаласының тұрғыны:
– Иә, бөлек алаңқай ашылғанын байқадым. Әрине, жақсы болды. Енді жай қалдықтар жәшіктерге, ал басқа ауыр түрлері осы алаңқайларға жиналып тұрады. Тазалауға да жеңіл деп ойлаймын.
Тұрмыстық күл-қоқыстың көлеміне қарай сұрыпталуын экологтар да құптайды. Бұл тұрғындарға қоқыс алаңын пайдалану мәдениетін сіңдіреді деген сенімде. Тек кейін сол ірі қалдықтарды уақтылы тазалап, шығарып отыру жағы қатты қадағалану керек, – дейді.
Дәулет Асанов, эколог:
– Егер орталықтандырылған қалдық жинау алаңдары болса, тұрғындар қоқысты сол жерге тастап, ал қала әкімдігі оны уақытылы шығарып отырса, бұл — жақсы шешім. Алайда ертең сол қалдықтарды шығаруға бюджеттен қаражат бөлінбесе немесе қаржы жетіспесе, бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Өйткені қала ортасында қоқыс үйінділері жиналып, оларды ешкім шығармайтын жағдай туындайды. Соның салдарынан тұрғындардың наразылығы артып, мәселе одан әрі ушығуы мүмкін.
Сала мамандарының сөзінше ірі тұрмыстық қалдықтарды шығарудан мәселе туындамайды. Ол жер жеке пәтер иелері кооперативі жинақтары есебінен тазаланады.
Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
– Жалпы қаладағы барлық қоқыс алаңқайларын жаңартып жатырмыз. Қазір 35 алаңды жаңғырттық. Ірі қалдықтар үшін 15 алаңқай жабдықталды. Олар тұрғындардың өтініші бойынша ең қажет деген аулаларда ашылып жатыр. Келер жылы қаржы бөлінсе бұл жобаны жалғастырып, барлық ауданды қамтимыз деген ойдамыз.
Қоқыс жәшіктеріне арнайы кю-ар код жүктелген анықтамалар да жапсырылды. Енді қалалықтар арыз-шағымдары мен ұсыныстарын сол парақшаны сканерлеу арқылы, жауапты органға тікелей жолдай алады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин