Павлодарда тазалық айлығы басталды

Экологиялық шара аясында көшелер, саябақтар мен өзен жағалаулары

тазаланып, абаттандырылады. Бүгін қала тұрғындары Усолка өзенінің қос жағалауын қоқыс қалдықтарынан тазалады. Сонымен қатар көшеттер егіп, жасыл желектерді суарды.

Усолка өзенінің жағалауы тұрғындар жаз бойы демалатын танымал орын. Бірақ демалушылардың көптігінен аумақ тұрмыстық қалдықтармен жиі ластанады. Бүгін тұрғындар өзеннің қос жағалауын қоқыстан тазалап, аумақты ретке келтірді.

Ботагөз Қажтаева, қала тұрғыны:

- Баршамыз жиналып, өзіміздің қаламызды, ауламызды тазартуға көмектесіп жатырмыз. Енді мінеки әр тұрғын өзінің ауласын, көшесін тазартуға көмектесіп жатса біздің әдемі қаламыз одан да көркейе түседі деп ойлаймын.

Тазалық жұмыстарына мыңнан астам адам қатысты. Жалпы көлемі  350 тонна қоқыс шығарылды. Жұмысқа 50 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық айлығы барысында қала көшелерін абаттандыру мен  ағаш көшеттерін егу  жұмыстары да жүргізіледі.

Мақпал Қаржаубай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысып жатыр. «Таза Қазақстан» жобасы аясында Павлодарды көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Үш жылдық жоспарға сәйкес түрлі ағаштар мен көшеттер егіледі.

Соңғы кезде қала көшелеріне 700 түп жөке ағашының көшеті егілді.  Қаланың жасыл белдеуін жаңарту ісі  алдағы уақытта да жалғасады. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері Павлодардан екі мың тонна қоқыс шығарылды.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: