Оралда жас натуралистер байқауы өтті
Облыстың 8 ауданы мен қаласынан келген 40-қа жуық оқушы мектептен алған білімдерін сыныптан тыс тәжірибе жүзінде сынады.
Байқау барысында балалар гүлдер мен көкөніс дақылдарымен жұмыс істеді. Сондай-ақ жануарларды дұрыс күтіп, қоректендіруді үйренді. Мұндай шара Оралда биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Орталық мамандарының айтуынша, жыл сайын оған қызығушылық артып келеді. Өйткені бұл балалардың табиғат туралы танымын толықтырып, өздерін бағбан, гүл өсіруші немесе зоолог ретінде сынап көруге мүмкіндік беретін алаң.
Зере Серікқалиқызы, "Жас натуралист" байқауының қатысушысы:
- Осы жас натуралист байқауына мен өзімнің гүлдер туралы, әртүрлі табиғаттың ерекшеліктері туралы білу үшін өзімнің білімімді тереңірек оқу үшін келдім. Өзімнің оқудағы гүлдерімді практикалық түрде тереңірек білу үшін келдім.
Фиягүл Қауымбаева, облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың өсімдік шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:
- Оқушылар мектепте теориялық білім алады және қазіргі кезде жасанды интеллектімен өте көп жұмыс жасайды. Ал бұл байқаудың мақсаты, тірі табиғатпен етене байланысу бақша дақылдарын, гүлді өсімдіктерді жануарларды қолдарымен ұстап, көру, анықтау, зерттеу.