Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселесін талқылады

фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Ресей трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Екатеринбургте өткен Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының XVI отырысына Қазақстан делегациясын Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев бастап барды.

Тараптар комиссияның XV отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын қарады. Атап айтқанда, көктемгі су тасқынын өткізу, су қоймаларын толтыру, халық пен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарына мемлекеттік мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Жайық, Ертіс және басқа да ірі трансшекаралық өзендер бассейндерінде зерттеу жүргізуге арналған бірыңғай жол картасын іске асыруға назар аударылды. Қараөзен мен Сарыөзеннің су шаруашылығы балансын әзірлеу мәселесі де қаралды.

Комиссия көктемгі су тасқыны мен су басу кезеңінде өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының оң нәтижелерін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша 2027 жылға арналған жұмыс топтарының құрамы мен іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ комиссияның келесі отырысына дайындық мәселелері қаралды, – деді Арсен Жақанбаев.

Сондай-ақ оқыңыз: