Қарағандының қарағайлы орман аумағында экопарк салынып жатыр
Өндірістік шаһар Қарағандының қарағайлы орман аумағында экопарк салынып жатыр.
JASYL PARK жобасы Мемлекет басшысының ірі қалалар маңында экопарктерді ашу тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Құрылыс кезінде табиғатқа зиян келмеуі жіті назарға алынады. Биыл экопарк аумағында жаяу жүргіншілер мен велосипедпен серуендеуге арналған жолдар, балалар және спорт алаңдарын салу жоспарланған.
Қарағай бітік өскен орманды алқапқа тұрғындар жиі келеді. Шаһар шуынан алыстап, таза ауада тынығуға таптырмас мекен біртіндеп экопаркке айналып келеді. Жоспар бойынша аумағында 5 шақырым веложолақ, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, күнқағары бар орындықтар қойылады. Урбанистика орталығының мамандары әзірлеген жобада табиғи ландшафтты сақтап қалуға басымдық берілген.
Алексей Волошин, урбанистика орталығының техникалық директоры:
- Біз мемлекеттік орман қорында жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан табиғатты қорғау мәселесіне ерекше мән береміз. Ағаштарды сақтап, қоршаған ортаға залал келмеуін бақылауды күшейткіміз келеді. Яғни экопарк осы мақсатта жасалуда.
Мемлекеттік орман қорына қарайтын экопаркті абаттандыруға экологиялық таза материалдар қолданылады. Яғни құрылыста асфальт, резеңке немесе пластик болмайды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жиегіне ақпараттық тақтайша қойылады. Қауіпсіздік үшін парк аумағына бейнебақылау орнатылып, кіреберісте көлік тұрағы салынады.
Светлана Грицаненко, "Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы" КММ инженері:
- Бір де бір ағаш кесілген жоқ. Тек қурағандары ғана алынды. Келер жылы өзіміздің орман тәлімбақта өсірілген қарағай көшеттерін әкеліп, осы жерге егеміз. Экопаркте кәуап пісіретін орындар болмайды. От жағуға қатаң тыйым салынады.
Жобалау кезінде көпшіліктің табиғат аясында емін-еркін тынығуы демалуы үшін бірнеше бағдарлама түзілген. Мәселен, орманның бір бөлігінде отбасымен жайлы демалыс құруға мүмкіндік жасалады. Экопарктің басқа жерінде бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға болады.
Талғат Бәкіров, "Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы" КММ директорының орынбасары:
- Тұрғындар бұл жерге отбасымен келіп, тыныш әрі қауіпсіз демала алады. Спортпен шұғылдануға барынша жағдай жасалады. Ақпараттық тақтайшаларда біздің өңірде қандай аңдар мен құстар кездесетіні туралы қызықты мәлімет көрсетіледі.
Бір атап кетерлігі, экопаркте қоқыс жәшіктері болмайды. Келушілердің тағам қалдықтарын өзімен бірге алып кетуі жіті назарда ұсталады. Арнайы контейнерлер демалыс орнына жақын жерге қойылады. Абаттандыру жұмыстары келер айда аяқталуы тиіс. Қыс мезгілінде мұнда шаңғы тебуге арналған жолдар салынады. Осылайша жаңа экопаркті жыл бойы адам келетін демалыс орнына айналдыру жоспарланған.
Талғат Исламұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев