Арқада қыс мезгілі жайлы болады

Қазан айы - қара күздің басы.

 Бозқырау деп те жатады. Бозқырау күн суытқанының айғағы. Ел күздік сояды, қазан көтереді.

Ал алдағы қыс қалай болады? "Мұны табиғаттың өзінен аңғаруға болады", - дейді қарағандылық өлкетанушы. Сәкен Келдібаевтың айтуынша, халықтық болжамдарға қарағанда арқада биыл қыс жайлы болады. 

- Ата-бабамызда метеорологиялық қызмет болған жоқ. Ауа райын осы табиғатқа, ағаштарға, құстарға қарап болжап отырған. 

Сәкен Келдібаев - кәсіби агроном, экожанашыр, әрі өңірге танымал өлкетанушы. Саналы ғұмырының 50 жылға жуық уақытын агрономия саласына арнаған. Соның 30 жылдан астамы жер мен ағашты баптауға тікелей байланысты. Табиғат құбылыстарын бақылау - ол үшін кәсіп қана емес, өмір салты. "Қазақтың табиғат күнтізбесінде ағаштардың да өзіндік орны болған. "Әсіресе қайың жапырағының сарғаюына қарап, алдағы қыстың қандай болатынын болжаған", - дейді қария.

Сәкен Келдібаев, өлкетанушы:

- Қайыңның сарғаюы, жоғарысынан сарғайды ма, төменнен сарғайды ма, ортасынан сарғайды ма, оның барлығы бізге ауа райын болжап айтып тұрады. Биылғы сарғайғанын қарап жүрдім, ортасынан сарғайды. Ол дегеніміз қыс біздің жайлы болады. Жазда қаншама ыстық болып тұрды ғой, барлығымыз куә болдық. 40 градустың ол жақ, бұл жағында болды. Сол енді қыста қайтып келеді де, ол ыстық болып қайтып келмейді, әрине, аязды болады. Оны "қыстың шілдесі" деп айтады қазақтар.

 Халықтық болжамда құстардың әрекетіне де ерекше мән берілген. "Қаз бен тырна қыркүйекте топтасып, жылы жаққа ерте бет алса суықтың ерте түсіп, қыстың ұзақ әрі ызғарлы болатынын білдіреді", - дейді ақсақал. Ал жыл құстары қазан айының соңына дейін жүрсе, күз ұзақ әрі жылы болады. Егерде төмен ұшып, тынымсыз қозғалыста болса, жел мен жауын-шашын жиілейді.

Сәкен Келдібаев, өлкетанушы:

- Қаз, үйректер көлден шығып, қанаттарын қағып, мамықтарын кептіріп дайындалады. Бұл дегеніміз жуық арада күн суытып, салқындап, жаңбыр жауады дегенді білдіреді. 

"Қазгидрометтің" ресми мәліметі де осы айтылған болжамға сәйкес келеді. Қазан айының ортасынан күн күрт суытып, жауын-шашын жиілейді.

Аружан Мұратова, "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы:

- Қазан айының басында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының негізгі фоны +15-25 градус аралығында күтіледі. Кейін солтүстік циклонның ықпалымен республика аумағының барлық өңірінде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын болады, жел күшейеді. Оның екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. 

Табиғат құбылыстарын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген өлкетанушы халықтық болжамдар ғылыми метеорологиялық деректерді алмастыра алмайтынын айтады. Дегенмен, оның сөзінше, бұл - халқымыздың ертеден қалыптасқан жыл мезгілдері мен ауа райын болжау мәдениетінің бір көрінісі. Сондықтан халықтық болжамдарды ұлттық таным мен табиғатты бақылау тәжірибесінің бір бөлігі ретінде ескеруіміз керек.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: