Қазақстанда еттің құрамын анықтайтын отандық ПТР-тест әзірленді
Қазақстандық ғалымдар ет өнімдерінің құрамын анықтап, оның басқа шикізат түрімен алмастырылғанын анықтауға мүмкіндік беретін отандық ПТР-тест әзірледі, деп хабарлайды 24KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Тест-жүйені С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген. Жоба Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыратын 2024–2026 жылдарға арналған «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік деңгейін арттыру» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Жаңа технология еттің түрлік құрамын анықтап, өнімде көрсетілмеген шикізаттың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шұжық, жартылай фабрикаттар, консервілер сияқты өңделген өнімдердің құрамын тексеру кезінде маңызды.
ПТР-тест 17 түрлі жануар мен құстың ДНҚ-сын анықтай алады. Оның ішінде сиыр, жылқы, қой, ешкі, шошқа, ақбөкен, марал, елік, тауық, үйрек және күркетауық сияқты жануарлар мен құстар бар.
Тесттің ерекшелігі — бір үлгіден бірнеше жануар түрінің ДНҚ-сын бір уақытта анықтауға болады. Бұл зерттеу уақытын қысқартып, реагент шығынын азайтады.
Әзірлеме пайдалы модельге берілген патентпен қорғалған. Отандық тест-жүйені ветеринариялық және сынақ зертханаларында, мемлекеттік бақылау органдарында, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында қолдануға болады.
Мамандардың айтуынша, жаңа технология өнім таңбасындағы ақпараттың сәйкестігін тексеруге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ет өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.