Құстар қыста қайда мекендейді?

Қанаттылар қыста қайда барады?

Қиқулаған қаз, тізілген тырна туған жерден алыстап барады.

Жазда ел аумағын 500-ден астам құс түрі мекендейді. Дегенмен, 65 пайызға жуығы күзде жылы жаққа ұшып кетеді. Жалпы ел аумағында екі құс жолы бар. Біріншісі Батыс Сібірден Еуропа мен Африкаға барады. Екіншісі Арктика мен Сібірден басталып, Қазақстанды басып өтіп, Үндістан мен Пәкістанға дейін жетеді. 

Қара күзде күн күреңітіп, қанаттылардың қарасы азая бастайды. Қазақ та жылы өлкеге бет түзеген құстарға қарап, қыстың қамын ерте жасаған. Мәселен, қаз бен үйрек жоғары самғаса күз әлі де жылы болады деп топшылайды. Ал төмен ұшып, топтаса қонса, жылы жаққа жол тартады деген сөз. Алайда күн райы жыл өткен сайын құбылып, құстардың да қонысы өзгеріп жатыр. Кейбірі ерте келіп, кештеу ұшса, енді бірі қыстап қалатын болған. 

Сәкен Келдібаев, өлкетанушы:

- Біздің Түркістан облысында көптеген жыл құстары қалып қойып жүр. Өйткені климат өзгерді. Ол жақта қыс бұрынғыдан да жұмсақ, бұрынғыдан да жылы.

Елдегі құстардың 35 пайызға жуығы елде қыстап қалады. Олардың қатарында торғай, көгершін, сауысқан, тоқылдақ, майна секілді отырықшы түрлері де бар. Қыс жайлы жылдары қоқиқаз, аққу, бірқазан Каспийді төңіректеп қалып қояды. Ал ұшқан құстың алды Африкаға дейін барады.

Сырымгүл Зарипова, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті «Зоология институты» РМК Орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері:

- Қазір жылы жаққа алдымен торғай тәрізді, жәндікқоректі ұсақ құстар ұшып кетеді. Қарлығаш, сұрқарлығаш, бұлбұлтәрізділер қоныс аударып үлгерді. Ал үйрек, қаздар елде сәл ұзағырақ болады. Қазан-қараша айларында жыртқыш құстар да жылы өңірлерге бет алады. Олардың бағыттары әртүрлі. Мәселен, өз жерінде сақина тағылған ауыл қарлығашы араға уақыт салып, Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласынан табылған. Яғни бұл құс Қазақстаннан Африкаға дейін шамамен 10 мың шақырым ұшып барған. 

 Құс екеш құс та тыныштықты сүйеді. Көкте жүр демесеңіз, оларға да қауіп көп. Сол себепті кейде қоныс ауыстыруға мәжбүр.

Сәкен Келдібаев, өлкетанушы:

- Қараторғайлардың көбі қазір Түркістан облысында қыстап жүр. Негізі қара торғайлар сонау Индия, Пәкістаннан, Үндістаннан келеді. Биыл 8 наурыз күні Алматы облысына Өзбекстан мен Тәжікстаннан бірнеше қараторғайлар келді. 23 наурызда Қарағандыға келді. Оларға да айтпай кетуге болмайды, әлемде болып жатқан қақтығыстар оларға да әсерін тигізіп жатыр. Өйткені олар жылда өзінің ұшатын бағдарынан дрон, зеңбіректер ұшып оларды үркітіп, бағытын өзгертіп отыр. 

Құстар көші қарашаның аяғына дейін жалғасады. Бұл сапар оларға оңай тимейді. Жол бойында қолайсыз күн райы, электр желілері, биік ғимараттар мен өзге де кедергілер олардың өміріне үлкен қауіп. Елде бағанадағы тоқтың өзінен жыл сайын 60 мыңға жуық құс мерт болады екен. Ал олардың тең жартысы Қызыл кітапқа енген. Тек көңілге демеу болары күзде оңтүстікке ұшқан құс көктемде атақонысына оралады.

Авторы Дильназ Тұрғазыева

Сондай-ақ оқыңыз: