Алматы жастары экологиялық ағартуға ден қойып отыр

Бір реттік сенбіліктен экологиялық мәдениетке дейін. Алматы жастары қалдықты бөлек жинау, экологиялық ағарту, экологиялық хабтардың жұмысына ден қойып отыр. Екі миллионнан аса халқы бар мегаполис үшін бұл өте маңызды. Қазір қалада «Жасыл кеңсе», «Жасыл университет» секілді жобалар жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы бағыттағы тиімді тәсілдерді балабақшаларға енгізу жоспарда бар. Оған Оңтүстік Кореяның үлгісі басшылыққа алынуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Экологиялық мәдениетті бала бойына ерте жастан сіңірген дұрыс. Сонда табиғатқа жанашыр азамат өседі. Бұл түсінік – №113 бөбекжай-балабақшасы мамандарының берік ұстанымы. Мұндағы бүлдіршіндер өсімдік өсіріп, суды үнемдеп, табиғатты аялауды үйреніп жүр. Мекеме мамандары былтыр Оңтүстік Кореяда болып қайтыпты. Бүгін «Табиғатқа қамқорлық – өзіңе қамқорлық» атты қалалық семинар өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шолпан Қожанова, №113 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:

– Олардың ерекшеліктері – экологиялық тәрбиеге қатты мән береді. Әр қоқысты бөлек-бөлек салатын өз орны болады екен. Біз де балаларымызды соған үйретіп жатырмыз. Біздің балаларымыз оған үйреніп те қалды.

Алматыда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған ECO Network жобасы жұмыс істейді. Оның аясында қалада үш экохаб ашылды. Соның бірі университет қабырғасында орналасқан. Бұл жерде пластиктен жасалған әртүрлі бұйымдар бар. Шикізатты да өздері өңдейді. Ол үшін арнайы велосипед көмегімен пластик қақпақтар майдаланады. Кейін дайын материалды ерітіп, шахмат тақтасы, кәдесыйлар мен әртүрлі бұйымдар жасалды.

Мұрат Аманжолов, экохабтың өндіріс меңгерушісі:

– Біздің алғашқы мақсатымыз – студенттердің, азаматтардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы жерге әр адам келіп, өз үйдегі қалдықтарды, қоқысты әкеліп, осында сұрыптайды.

Экологиялық шараларға белсенді қатысушылардың басым бөлігі – студенттер. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматыда жыл басынан бері 100-ге жуық шара өтті. Оған 18 мыңнан астам жас волонтер қатысты.

Батырхан Жамит, студент:

– «Жасыл ел» жобасы бойынша біз мамыр айынан бастап осы күнге дейін екі жүзге жуық студентті тіркеген болатынбыз. «Жасыл ел» жобасы бойынша еңбек жасағы университеттің территориясынан бөлек, Алматы қаласы бойынша экоакциялар, «Заң мен тәртіп» қағидасы акциялары аясында жұмыс жасап жатыр.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қажетті инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Алматыда қалдық қабылдайтын орындар жетерлік. Пластик бөтелке мен алюминий құты жинайтын 73 фандомат бар. Қоқысты сұрыптау мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол балабақшадағы әдеттен, студенттің еңбегінен, тұрғынның күнделікті таңдауынан басталады.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев

Сондай-ақ оқыңыз: