Жаңаарқа орманына 1,5 млн қарағай егілді

Жаңаарқадағы орман шаруашылығының қорын молайту үшін 1,5 млн түп қарағай егілді. Ағаш өскіндері «Ертіс орманы» резерватынан жеткізілген, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде Президенттің орман алқабын ұлғайту жөніндегі тапсырмасына орай кешенді жоспар жасалды. Соған сәйкес 2030 жылға дейін жасыл көлемін 3,5 мың гектарға көбейту міндеті тұр.

Қараағаш орман шаруашылығын 2023 жылдан бері ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. Көктемде 2 млн түп қарағай өскіні егілді. Бұл жолы 262 гектар жерге 1,5 млн көшет егілді. Көшеттер «Ертіс орманы» резерватынан жеткізілді. «Қатал климатқа бейім қарағай жаңаарқа даласында жақсы жетіліп кетеді», – дейді мамандар.

Ғалым Қойшыбаев, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» КММ директоры:

– Бұл ағаштар комитеттің қолдауымен Ертіс орманынан қазып алынып келді. Бұл тұқымдар бізге тегін берілді. Кешенді жоспарға сәйкес бізге 3,5 мың гектарға ағаш егу керек. Жылда әртүрлі жоспарға сәйкес ағаш егіледі. Бұл көктемде де, келесі жылы күзде де болады.

Орман шаруашылығы өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары құрылды. Аумағы – 22 мың гектарға жуық. Оның орманмен көмкерілген 6 мың гектары ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Мұнда аң мен құстың 15 түрі мекендейді. Арасында Қызыл кітапқа енген түрлері де бар. «Орман қорын молайту мұндағы жабайы тіршілік иелерінің көбеюіне және аймақтың экологиясын жақсартуға септігін тигізеді», – дейді орманшылар.

Рауан Құлжанбеков, орманшы:

– Осы орманда ағаштың алты түрі бар. Қайың, терек, қарағай, қаратал, үйеңкі, сосын тал деген ағаш бар. Қайың, көктерек кәдімгі, сосын тал жабайы шыққан. Ал бізде қарағай, үйеңкі, қараағаш екпелері бар. Мына ағаштар 2024 жылы егілді. Бұның көлемі – 286 гектар. Міне, екі жылдан асты, үшінші жылға кетіп барады.

Ағаш егу жұмыстарына орман шаруашылығынан 7 техника, 22 қызметкер тартылған. Әзірге көшеттер өзге өңірлерден жеткізілуде. Болашақта өскіндерді жергілікті жерде өсіру жоспарланып отыр. Ол үшін Жаңаарқа кентінде 70 гектар аумаққа тұқымбақ салынып жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Сондай-ақ оқыңыз: