Ғалымдар орман қорын молайту мәселелерін көтерді
Қазақстанда биыл 234 млн ағаш егілді. Осылайша, 145,6 мың га аумақ жасыл-желекке оранды. Келер жылы тағы 271 млн-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.
Астанада сала ардагерлері бас қосып, елдегі орман қорын молайтумен қатар, жүйелі тәсілдерді енгізу мәселесін талқылады. Аралдың құрғаған табанын көгалдандыру, орман өрттерінің алдын алу жайы да қаузалды.
Президент Қазақстанның жасыл аймағын кеңейтіп, ұзын ырғасы 2 миллиард ағаш егуді тапсырған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021-2025 жылдары елде 1 млрд 648 млн-нан астам көшет егілген. Бұл мақсатта тұқымбақтар кеңейтіліп, жаңалары салынып жатыр. Ал жасыл алқапқа қоғамдық мониторинг жүргізу үшін «Қазақстан Ғарыш Сапарымен» бірлесіп интерактивті карта әзірленді.
Әр тал деректер базасына енгізіледі. Сала ардагерлері орман шаруашылығының коммуналдық мекемелерін бірыңғай басқару жүйесіне беру қажеттігін айтты.
Сәбит Байзақов, ҚР ҰҒА академигі:
– Ардагерлердің ойынша, орман шаруашылығы ауылдық жерлерді көгалдандыру, егістік алқаптарының маңына және су жағалауларына орман отырғызу сияқты шараларды орындауы керек. Өсіп тұрған ағаштың құнын арттырып, орманның пайдасын еселеу қажет. Оның сыртында, орманның экожүйелік қызметтері тұнып тұрған ақша. Оны пайдалана білсе, орман одан да көп пайда берер еді. Жеке фермерлердің басқа ауылдардағы жерлерге орман алқаптарын отырғызу арқылы өнімді көбейтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға, топырақ құнарын сақтауға мүмкіндік беретін жолдары бар. Сол мәселелерді де шешу керек деп есептейміз.
Арал теңізінің құрғаған табанына тұқымбақ салынады. Мамандар: «Сол жерде өсірілген көшеттер жергілікті құрғақ климатқа жақсы бейімделеді», - деп отыр. Бүгінге дейін ондағы 1 млн 117 мың гектардан астам аумақты орманға айналдыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 56 млн-нан астам сексеуіл егілді. Бұл құмды бекітіп, тұзды шаңның желмен таралуын азайтады.
Жеңісбек Тұрғанов, Қазақстанның орман шаруашылығы және Экология саласының ардагері:
– Тұқымды дайындаудан бастап топырақ дайындау, егу мәселесі, оны өсіріп күтіп-баптау мәселесінде оған орман шаруашылығы инженерлерінің көмегі ауадай қажет. Сондықтан орман шаруашылығының мамандарын дайындауға көп көңіл бөлу керек деп ойлаймыз.
Бүгінде орман қорын ұлғайтумен қатар, қолдағы барды сақтау да өзекті болып отыр. Биыл елде жалпы 858 орман өрті тіркелген. 42 жарым мың гектарға жуық аумақты өрт шарпыған. Салдарынан мемлекетке 3 млрд 860 млн теңге залал келді.
Бақытхан Жүнісов, ҚР Еңбек сіңірген орман өсіруші:
– Біз орман алқаптарын барынша ұлғайтуға, сонымен қатар оны өсіріп қана қоймай, еліміздің экономикасына жұмыс істейтіндей етуге тиіспіз. Орманның ішінде көптеген пайдалы ресурс бар: жайылым, шабындық, су, егістік жерлер. Мұның бәрі орман шаруашылығының жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осы тұста сала ардагерлері бірыңғай мемлекеттік орман саясатын әзірлеу және стратегиялық маңызды мәселелерді талқылау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жанынан Қоғамдық кеңес құруды ұсынады. Әрі ұсыныстарын Құрылтай депутаттары мен бейінді ведомство басшылығына жолдады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы Мұрат Әріпханов