Қазақстанда ескі көлігін өткізгендерге жеңілдік беріле ме? Министрлік түсініктеме берді
Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын алу мүмкіндігі әзірге жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бағдарламаға қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды 24KZ.
Министрліктің хабарлауынша, бұған 2026 жылғы 6 қазанда Экология және табиғи ресурстар министрінің №252 бұйрығының қабылдануы себеп болған. Бұл құжатта ескі көліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру қағидалары, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын ұсыну және пайдалану тәртібі бекітілген.
Алайда бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның іске қосылғанын немесе ескі көліктерді қабылдау басталғанын білдірмейді. Құжат тек бағдарламаны жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін айқындайды. Атап айтқанда, жеңілдік сертификаттарын беру, оларды басқа адамға қайта рәсімдеу және отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібі белгіленген.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Дегенмен бұл күннен бастап ескі көліктерді қабылдау немесе жеңілдік сертификаттарын беру басталмайды.
Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көліктерді қабылдап, кейін оларды кәдеге жарататын қайта өңдеу кәсіпорындарын іріктеп жатыр. Бұл жұмыс Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №332 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізілуде.
Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімдері, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат Министрлік пен „Жасыл даму“ АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатын болады, – делінген министрлік хабарламасында.
Осыған байланысты министрлік бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтік қағидалардың бекітілуі мен бағдарламаның нақты іске қосылуының екі бөлек кезең екенін ескеруге шақырды. Ал азаматтарға уәкілетті ұйымдардың ресми хабарламаларына сүйену ұсынылды.