Каспий теңізінде жаңа аралдар пайда болды

Құлалы аралының аумағына әуеден барлау жүргізген мамандар бұрын байқалмаған құрлықтарды анықтады.

Ғалымдардың айтуынша, теңіз деңгейі тоқтаусыз төмендей берсе, арал саны көбеюі мүмкін. Ақтауда халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен жиында теңіздің қазіргі жай-күйіне қатысты мәселелер талқыланды. 

Талғат Исламұлы тілші:

- Каспий деңгейі екі мыңыншы жылдардан бері тоқтаусыз төмендеп жатыр. Ғалымдардың мәліметінше, 1996-2021 жылдар аралығында судың деңгейі 1,5 метрге түскен. Жиында теңіздің қайта толатыны туралы пікір мүлде айтылмады. Керісінше 2100 жылға қарай теңіздің 8-14 метрге дейін төмендеуі мүмкін екені сөз болды. Бұл құбылысқа жаһандық жылыну кері әсер етіп, жеделдетуі де ықтимал деген болжам бар. Айталық, соңғы 30 жылда орташа жылдық температура 0,8-1,5 градусқа жоғарылаған. Халықаралық экологиялық мәселені шешу жолдары талқыланған жиынға Германия мемлекетінің сарапшылары да қатысты.

Ульрих Кинне, Германия елшілігі миссиясы басшысының тұрақты орынбасары:

- Каспий теңізінде жаһандық климаттың өзгеруімен байланысты бірқатар күрделі мәселе туындады. Теңіз деңгейінің төмендеуі, су ресурстарының азаюы, биоалуандылықтың сақталуы және жағалау аймақтарының қазіргі жағдайы халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуды қажет етеді. Осы тақырыптағы жиын биыл Ақтауда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өз кезегінде экологиялық сын-қатерлерді терең зерделеп, оларды шешудің ықтимал жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

"Теңіз деңгейінің төмендеуі жаңа аралдардың пайда болуына, сондай-ақ бұрыннан бар аралдардың кішірейіп, тіптен кейбірінің жойылуына түрткі болды. Ал олар Каспий итбалығы тұрақтайтын орындардың бірі ", - дейді этолог Әсел Баймұқанова. Ғалымның пікірінше, солтүстік-шығыс Каспийде бұрын итбалықтар мекендеген аралдардың таяздануынан теңіз сүтқоректілері кеме қатынасы, балық аулау және мұнай-газ өндіру жоспарланған, яғни қауіпті әрі қорғалмаған аймақтарға жақындауға мәжбүр болған.

Әсел Баймұқанова, гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері:

- Каспий эндемигін сақтап қалу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру қажеттігін көтерген Президентіміздің бастамасымен 2024 жылы «Каспий балығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ендігі қалып тұрғаны, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе жандандыруымыз қажет. Судың құрамында ластағыш зат бар-жоғын зерделеу, теңіз сүтқоректілерінің популяциясын анықтауға Каспий маңы елдері атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені итбалықты сақтау арқылы Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға болады.

Ел Президенті Түрікменстанның Аваза қаласында өткен алғашқы Каспий экология саммитінде теңіздің тартылуы аймақ экономикасына, табиғатына және миллиондаған адамның болашағына қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген еді. Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді зерттеулер жүргізу үшін ортақ жоспар әзірлеу шараларына Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен 2 жыл бұрын Ақтауда құрылған ғылыми-зерттеу институты әлеуетін толықтай пайдалануға шақырды. Саммитте ұсынылған осы және өзге де бастамалардың нақты бағдарлама немесе бірлескен жобаға айналуын алдағы уақыт көрсетеді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ оқыңыз: