Қатонқарағайда қар барысына алғаш рет спутниктік қарғыбау тағылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ұлттық паркінде қар барысына алғаш рет спутниктік қарғыбау тағылды. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың қозғалысын, мекендейтін аумағын және маусымдық көші-қонын зерттеуге мүмкіндік береді. Қазір ұлттық парк аумағында қар барысының 11 дарағы тіркелген. Бұл туралы Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жанболат Тыныбеков «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
«Қазір мамандар зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Спутниктік қарғыбау арқылы қар барысының қанша шақырым жүретінін, қай аумақтарды мекендейтінін және маусымдық қозғалысын анықтаймыз. Бұл деректер алдағы уақытта сирек кездесетін жануарды қорғау жұмыстарын жоспарлауға көмектеседі, деді Жанболат Тыныбеков.
Ұлттық парк мамандары қар барысын фототұзақтар мен іздерін бақылау арқылы да зерттеп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар 2017 жылдан бері Зоология институтымен бірлесіп жүргізіледі. Сонымен қатар Ресейдегі Қатон қорығымен трансшекаралық ынтымақтастық аясында ақпарат алмасып, сирек кездесетін жануарларды қорғау шаралары жүзеге асырылады.
Мамандар қар барысының нақты қозғалыс бағыты мен мекендейтін жері туралы мәліметтерді қауіпсіздік мақсатында ашық жарияламайды. Биыл Қатонқарағай ұлттық паркінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Экология министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аумағында шамамен 152–189 қар барысы мекендейді.