Оралда 8,8 млн түп ағаш егіледі
Батыс Қазақстан облысында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары қарқын алды.
Жыл басынан бері орман қоры аумағына 6 млн 400 мың түп ағаш егілген. Бұл биылғы жоспардың 79 пайызы. Ал жалпы Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш егу туралы 2020 жылғы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі жасыл желек қорын 56,6 млн дана тал-терекке көбейту көзделген.
Орал орман шаруашылығының Көшім бөлімшесінде қазір қарбалас шақ. Қолайлы ауа райын ұтымды пайдалану - басты мақсат. Ағаш егуге алты трактор тартылса, әр трактордың артында жылы киініп жайғасқан қос қызметкер шыбықтарды шаншып отырады.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Тракторлар арнайы агрегаттармен ағаш егіп өткеннен кейін артынан орманшылар жаяу ілесіп жүріп, әрбір талдың түбін аяқпен басып нығыздайды. Әйтпесе қатты желде көшеттер құлап қалуы мүмкін немесе аязда топырақ астына ауа кіріп, тамыры үсіп кетуі ықтимал.
Орал орман шаруашылығы биыл 440 гектар жерге бір жарым миллион түп тал-терек екпек. Көшеттер шеттен сатып алынбайды, Новенький ауылындағы арнайы тәлімбақта өсіріледі. Күзде терілген ағаш дәндері екі жылда осындай жайқалған желекке айналады.
Құралай Шамұратова, тәлімбақ қызметкері:
- Орал орман тұқымбағы жалпы аумағы 120 гектар, қазіргі қолданыстағы аумағы 22 гектар. Биылғы жылы да орман тынымбағымызда 800 мыңнан астам орман көшеттері өсіріліп шығарылды. Қазіргі уақытта орман тынымбағымызда 22-ден астам ағаш түрі өсіріліп шығарылуда.
Орал өңірінде 2021-2027 жылдар аралығында 56 млн көшет егу жоспарланған. Бастапқыда орманшылар бұл міндетті қалай орындарын білмей дағдарғаны рас. Өйткені техника аз, барының өзі жарамсыз. Соңғы жылдары облыс орманшыларына 37 трактор, соқа, тырма секілді 200-дей қосалқы құрал берілгеннен кейін ғана жұмыс алға басқан.
Қайрат Есенғалиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:
- 2023 жылы және 24 жылдары бізіңі мекемемізге 9 бірлік трактор берілді. Соның арқасында жер жырту жұмыстарын орындау, топырақ дайындау, ағаш отырғызу жұмыстарын орындау жақсарды. Әрине бұл жұмыстардың бәрі 90% техникаға байланысты болғандықтан, техника болмаса, тракторлар бөлінбесе, бұл жұмыстар мүмкін болмайтын еді.
Өңірде балтасын беліне қыстырып, орманнан отын іздеген браконьерлер жоқтың қасы. Себебі елді мекендерге түгел дерлік газ жетіп тұр. Орманның ендігі жауы - жаздағы өрт пен қараусыз мал екен. Әсіресе бағымсыз мал бой салып, тамырланып үлгірмеген жас көшеттерді жеп кетеді. Сол себепті орман алқаптарын қоршау жұмыстары қолға алыныпты.
Дархан Закарин, БҚО Табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл 8 млн 600 мың ағаш отырғызылуы тиіс. Соның 79% орындалып отыр. Басты мақсат отырғызу емес, содан кейін ағаштардың өсіп-жерсінуі. Өкінішке орай, кейбір жылдары қуаңшылықтың салдарынан, су тасқыны салдарынан 2021-23 жылдары жерсіну көрсеткіштері төмендеп, қазір күні бүгінге 58% жеттік. Кейбір шаруашылықтарда 80%. Жеке адамдардың малының дұрыс бақтырылмауы көрсеткішке ең бірінші әсер етіп отырған. Сондықтан орман шаруашылығы өздерінің есебінен қазір екпелерді қоршау жұмыстарын жүргізіп отыр.
Батыс Қазақстан облысындағы орман қоры 224 мың гектар. Бұл облыс аумағының 0,6% ғана. Президент тапсырмасының нәтижелі орындалуы осы соңғы көрсеткіштің артуына ықпал етпек.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап