Елордада Astana ESG форумы өтті
Елде 2060 жылға дейін төмен көміртекті технологияларға инвестициялық қажеттілік шамамен 610 млрд долларды құрайды.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі ((Astana ESG)) Астана И-Эс-Джи форумында мәлімдеді. Осымен екінші мәрте шымылдығы түрілген келелі жиында экожобаларға инвестиция тарту, жаңартылатын энергетиканы дамыту және өнеркәсіпті қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту мәселелері талқыланды.
Отандық электр энергетикасындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8 пайызға жетті. Ал 2030 жылға қарай шамамен екі есе ұлғайту міндеті тұр. Мұны Astana ESG форумында Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Жиынға экология және әлеуметтік салалардағы реттеуші органдардың, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың өкілдері келген. Олар қоршаған ортаны қорғау, еңбек және энергетика қауіпсіздігін арттыру мәселелерін талқылады. Енді салада жасанды интеллектіге негізделген цифрлық платформалар мен құрылғыларға басымдық беріле бастайды. Ал әр мекеменің еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандарды оқыту тәртібі түбегейлі өзгереді.
Жәнібек Тоқмурзин, Aua Sense компаниясының менеджері:
- Бізде өзіміздің отандық датчиктеріміз бар. Яғни 9 газға дейін анализ жасайды және 72 сағат алдын ала сізге мәлімет бере алады. Ол қазір қолданыста. Өскемен, Астана, Атырау және Шымкент, Сарыағаш қалаларында орналасқан.
Нұрлан Исекеев, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ҒЗИ меңгерушісі:
- Оқыту мекемелеріне талаптар күшейеді. Осы күнге дейін мекемелерде ешқандай бақылау болған жоқ. Ашады да, оқыта беретін. Ал қазір бәрі цифрлану дейді ғой. Оқыту жүргізілгеннен кейін скилс.еңбекте экзамен тапсырады.
Елдегі кәсіпорындар қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайтуы тиіс. Ол үшін салаға заманауи технологияларды енгізіп, ресурстарды тиімді пайдалану керек. Жауаптылар осылай дейді
Әлібек Қуантыров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Экологиялық кодексте кәсіпорындардың шығарындыларды азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи, қолжетімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді технологияларға көшуі қарастырылған. Оның үстіне ең озық қолжетімді технологиялар әрдайым қымбат бола бермейді, оларды енгізу кәсіпорындар үшін қолжетімді. Бұл тетік экологиялық талаптарды өнеркәсіптің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырумен ұштастырады.
Экологиялық жауапкершілік ауа тазартумен шектелмейді. Мұндайда адамның қандай жағдайда жұмыс істейтіні маңызды. Енді мамандар климаттың өзгеруі жұмысшылардың денсаулығы мен өндірістегі қауіпсіздікке қалай әсер ететінін зерттемек.
Гүлмира Насырова, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы:
- Біз бұл мәселені жан-жақты қарастырамыз. Кәсіби тәуекелдерді бағалау, еңбек нормаларын белгілеу, жұмыс ауырлығы мен кәсіби жүктеменің күрделілігі тұрғысынан зерттейміз. Сонымен қатар біз үшін ең өзекті бағыттардың бірі еңбекті қорғау саласындағы мамандарды даярлау.
Жиында жауаптылар ауаның ластану деңгейін бақылауға арналған отандық әзірлемелерді таныстырды. Мұндай технологиялар экологиялық мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді дейді. Сондай-ақ форумда экожобаларға инвестиция тарту, жаңартылатын энергетиканы дамыту және кәсіпорындарды зиянды шығарындыларды азайтуға ынталандыру мәселелерін талқылады. Мамандар ұсынған барлық бастама Үкіметке, қаржы институттары мен бизнес өкілдеріне арналған жаңартылған ұсынымдар топтамасына енгізіледі. Басты мақсат – өнеркәсіпті қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян келтірмей дамыту.
Авторы Әлішер Әли