Елорданың Көктал шағын ауданындағы көпір құрылысы 2027 жылы аяқталады

Елорданың Көктал шағын ауданындағы көпір құрылысы жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына қолайсыздық тудырып отыр.

Алайда әкімдік қызметкерлері жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын айтады. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Көкталдағы жол жөндеу жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталды. Сарыарқа ауданы бойынша тағы 5-6 көше қалып тұр. Қазір біз Шабал Бейсекова және Сәкен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы көпірде тұрмыз. Мұндағы жұмыстар аяқталуға жақын. Бүгінде 80 пайызы тәмамдалды. Алайда толық келер жылы бітеді. Дегенмен, осы күнге дейін қозғалыс кезіндегі қолайсыздықтан жалыққан тұрғындар мен көлік жүргізушілері қыста және көктемде жүріп тұруымыз қалай болар екен деп алаңдайды.

Көктал ауданының тұрғыны Нұрлан Абдышевтің айтуынша, жол жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті. Әкімдік өкілдерінің мерзім бойынша берген уәделері уақытылы орындалмай жатыр дейді.

Нұрлан Абдышев, қала тұрғыны:

- Құрылыс, барлығы, жасап жатқандары уақытымен жасалмайды. Біздің естуімізше, қаржы ең бірінші мәселе. Біз тұрған көпірдің өзі қаншама жыл болды істеп жатқандарына.

Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбековтің айтуынша, құрылыстың ішіне тек жол ғана емес, абаттандыру жұмыстары да кіреді.  

Бауыржан Күмісбеков, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, асфальт бетонының екі қабаты төселді. Және де бұның үстінен тағы үшінші қабат төселеді. Ортадағы металл құрылысы толығымен аяқталды. Және де үстінен асфальт қабатын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Инженерлік желілерді салу жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Жаяу жүргіншілер жолы бар, сол сияқты жұмыстар келесі жылы атқарылады. Жобаны толығымен аяқтау 2027 жылға қарастырылған.

Көктал ауданында жолдан бөлек автотұрақ мәселесі де өзекті. Әсіресе кейбір тұрғын үй кешендерінде көлік қоятын жер тапшы, дейді тұрғындар. Осы мәселе бойынша әкімдік өкілдерімен кездесу өткен. Алайда сол кезде берген уәде орындалмай тұр, дейді Нұрлан Абдышев.

Нұрлан Абдышев, қала тұрғыны:

- 2016, 2018, 2019 жылдан бері біз зарлап жүрміз бір парковка жасап беріңіздер деп. Болады, жол саламыз, абаттандырамыз, сол кезде парковка болады деп сендіріп қояды бізді. Сосын келді олар, бәрін айтып берді, қыркүйекте бітіреміз, Оқжетпес көшесіне дейін бітіреміз, абаттандыруды бітіреміз деген.

Бауыржан Күмісбековтың сөзіне сүйенсек, Медина тұрғын үй кешені маңынан автотұрақ салу қала жоспарында қарастырылмаған. Бұл талап әу бастан мердігер мекемеге қойылуы керек еді, дейді әкімдік өкілі.

Бауыржан Күмісбеков, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

- Биылғы таңда Медина тұрғын үй кешенінің аймағында Ақан Сері көшесі. Жобаның атауы Тілендиев даңғылынан Оқжетпес көшесіне дейін деп аталады. Биылғы таңда асфальттың астыңғы бөлігін төсеп, Медина тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандырдық, тротуарлар салынды, аялдамалар орнатылып жатыр. Және де Оқжетпес пенен Ақан Сері көшесінде бағдаршам орнатып жатырмыз тұрғындардың ыңғайлылығы үшін.

Көкталда 60-қа жуық көшенің шұқырлары бітелді. Асфальт төсеу, жол жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен бірге ауданда бірқатар жаңа көшелер де пайда болады. 

Авторы Мирлан Алтынбек

Сондай-ақ оқыңыз: