Қазақстан суару каналдарындағы су шығынын 25%-ға дейін азайтпақ
Қазақстанда суару каналдарын жаңғырту арқылы су ысырабын 2030 жылға қарай 25%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Қазір елдегі каналдарда судың шамамен 47%-ы жоғалады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Бексұлтан Беғалиев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Маманның сөзінше, еліміздегі 8 577 су арнасының орташа пайдалы әсер коэффициенті 0,4-0,6 шамасында. 2024-2025 жылдары жүргізілген жұмыстар нәтижесінде су ысырабы 47%-ға дейін азайған. Ал биыл 964 шақырым каналды қайта жаңарту жұмыстары аяқталса, бұл көрсеткішті 43%-ға дейін түсіру көзделіп отыр.
Бізде қазір Су ресурстары және ирригация министрлігінің 2030 жылға дейінгі даму жоспарында бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендету көзделуде. Биылғы 964 километр каналды біз реконструкциялау жұмыстарын аяқтасақ, бұл көрсеткіш 43 пайызға түседі, – деді Бексұлтан Беғалиев.
Оның айтуынша, осы мақсатта 2030 жылға дейін 14,5 мың шақырым канал қайта жаңғыртылады. Жұмыстардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында жүргізіледі. Бұдан бөлек, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен 13 жоба, Ислам даму банкінің қолдауымен 90 жоба іске асырылуда. Соңғы жобалардың 71-і Жамбыл облысына тиесілі.
Сондай-ақ каналдарды қайта жаңартумен қатар, олардың арнасын механикалық тазарту жұмыстары да күшейтілген. 2023 жылы 678 шақырым канал тазартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 800 шақырымнан асқан. Ал биыл 3,6 мың шақырым каналды тазарту жоспарланған.
Каналдардың арнасында қамыс пен шөп өсіп, лай жиналады. Механикалық тазарту жұмыстары арнайы техникамен жүргізіліп, су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған, – деді министрлік өкілі.