Нанның қадірін тоқшылықта да ұмытпау керек – депутат

фото: ЖИ

Нанды қоқысқа тастау немесе көшеде қалдыруды жай ғана тұрмыстық әдет деп қарауға болмайды. Бұл – еңбекке құрмет пен ұлттық құндылықтарға қатысты мәселе. Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы нанды қадірлеу мәдениетін отбасында қалыптастырып, мектепте де жүйелі түсіндіру қажет деп санайды. Оның айтуынша, әрбір үзім нанның артында диқанның маңдай тері, су мен энергия сияқты табиғи ресурстар және отбасының қаражаты тұр. Бұл туралы депутат 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, қазақ халқы нанды ежелден қастерлеп, оны жерге тастамауды бала тәрбиесінің бір бөлігіне айналдырған. Алайда қазір көшеде бүтін бөлкелердің жатқанын көріп жүрміз. Оның пікірінше, мұндай көрініске қоғамның селт етпеуі алаңдатады.

Бала кезімізден «Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар, теріп алып қастерлеп торғайларға тастаңдар» деген тақпақты жаттап өстік. Оның төрт жолының өзінде үлкен тәрбие жатыр. Өкінішке қарай, бүгінде бүтін бөлкелердің қоқысқа тасталып жатқанын көреміз. Бұл молшылық пен тоқшылықтың белгісі емес, ысырапшылдық, деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат мәселені бірден заңмен қатаңдатудан гөрі, адамдардың жауапкершілігін арттыру маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, бейбіт әрі тоқшылық заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ нанның қадірін ұмытпауы керек. Себебі қазақ халқы ашаршылық пен соғысты бастан өткерген. Ал бүгінгі дастарқандағы әрбір үзім нан – сол қиын кезеңдерден аман өтіп, елдің еңбегімен жеткен береке.

Жарқынбек Амантайұлы Тәжікстанға барған сапарында жергілікті тұрғындардың Қазақстан астығына алғыс айтқанын да еске алды. Бір азаматтың «Біздің дастарханымыздағы нан сіздердің далаларыңызда өседі» деген сөзі оған ерекше әсер еткен.

Біз қолда бардың қадірін біле бермейміз. Молшылық пен тоқшылық мәңгі жалғасатындай көрінбеуі керек. Бабаларымыз аштықты да, соғысты да бастан өткерді. Сол қиындықпен жеткен тәуелсіздікті ысырапшылдыққа, қолда барды бағаламауға ұластырмауымыз керек. Әр нәрсенің қадірін білу – біздің негізгі тәрбиеміздің өзегіне айналуы тиіс, – деді депутат.

Оның пікірінше, нанды қадірлеу туралы түсінік отбасында ғана емес, мектепте де тұрақты айтылуы қажет. Ата-ананың жауапкершілігі артып, балаларға ас атасының дастарқанға қалай келетінін түсіндіру маңызды. Өйткені бір тілім нанның артында диқанның, наубайшының және оны тұтынушыға жеткізетін адамдардың еңбегі бар.

Нанды ысырап етудің экономикалық салдары да аз емес. Оны өндіруге су, электр энергиясы, отын және басқа да ресурстар жұмсалады. Депутат әрбір отбасы нанды қоқысқа тастағанда тек тағамды ғана емес, сол өнімге жұмсалған қаражатты да ысырап ететінін түсінуі керек дейді.

Қолымызға тиген әрбір нан – мемлекет ресурстарының бір бөлшегі әрі біреудің маңдай терінің нәтижесі. Отбасы үшін ысырап болып жатқан бір кесек нанның өзі – өз қолымызбен сыртқа шығарып тастаған ақша. Сондықтан нанның қадірін түсіндіруді отбасылық қаржылық сауаттылықтың да бір бөлігі ретінде қарастыруымыз керек, – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың пайымынша, нанды қадірлеу – тек асқа құрмет көрсету емес. Бұл – еңбек адамын бағалау, табиғи ресурстарды үнемдеу және кейінгі ұрпаққа жауапкершілік мәдениетін үйрету. Сондықтан мәселе қоғам назарынан түспеуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз: