Су тасқыны. Ақтөбедегі апат сейілер емес
Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, бау-бақша тұрғындары түні бойы қауіпсіз жерге көшірілді.
Мың жарымға жуық адам қала мектептеріне орналастырылды. Шаһар ішінен өтетін, Елек өзеніне әлі де су келіп жатыр. Облыс орталығындағы ахуалды тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлы айтуға дайын.
Біз қазір Елек өзенінің жағасында тұрмыз. Бұл үздіксіз су келіп жатқан өзендердің бірі. Негізінен су Сазды және Ақтөбе су қоймаларынан әлсін-әлсін ағуда. Одан бөлек, мұнда тағы бірнеше бағыттан құяды. Сондықтан, түні бойы осы өзеннің жағасындағы бау-бақша ұжымдарынан тұрғындарды эвакуациялау жүрді.
Атап айтқанда, 18 ұйымнан қаладағы 22 мектепке адамдар жеткізілді. Қазір 1500-ге жуық адамның эвакуацияланғаны белгіл болып отыр. Оның 623-і бала. Бұл жұмысқа төтенше жағдай қызметі, полиция, әкімдік және өзге де ұйымдардан 600-ге жуық өкіл жұмылдырылды.
Әлішер Сарбаев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:
- 1413 адам эвакуацияланды. Оның ішінде, 623 бала. Уақытша орналастыру пункттерінде барлық қажетті заттар: азық-түлік өнімдері бәрі бүкіл затпен қамтылған.
Эвакуациялау жұмыстарының нәтижесінде, зардап шеккен ешкім жоқ. Ал пункттерге апарылған адамдарды қажетті азық-түлік және өзге де заттармен қамту жүріп жатыр. Қазірдің өзінде, ақтөбеліктерден гуманитарлық көмек қабылдауға арналған екі орталық ашылды.
Ал облыс орталығынан өзге, төтенше жағдай режимі жарияланған Қобда, Мұғалжар және Темір аудандарында суға кеткен үйлерді тазарту, инертті материалдар төсеу жұмыстары күні-түні жүруде. Бұл шараларға маңғыстаулық жасақ пен әскерилер де атқалысып жатыр. Қазірдің өзінде тек Қобда ауылында 90-нан астам үйге су кіргені белгілі болып отыр. Үш ауданда да елдімекендерге мол су келместен бұрын тұрғындары қауіпсіз аумаққа шығарылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, "24.KZ", Ақтөбе облысы