Су тасқыны. Амангелді ауданындағы жағдай сәл саябырлады
Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінде тасқыннан қауіп сейіле бастағандай. Аманкелді ауданында жиналған қарғын судың деңгейі 10 сантиметрге төмендеген.
Бірақ әлі босаңсуға негіз жоқ, – дейді мамандар.
Өйткені іргеден өтетін Жалдама өзені арнасынан асып, таситын болса, ауылға жайылуы мүмкін.
Қазіргі жағдай қалай? Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек-қолдау көрсетіліп жатыр?
Иә, бүгін қауіптің беті сәл сейілгендей. Кеше мынау сол жақ беттен қарғын су ауылға тым тақап келген болатын. Үйлерге жайылмас үшін түн жарымына дейін төтенше жағдайлар жасақтары, ауыл тұрғындары жабылып, бір жарым шақырым бөгет тұрғызды. Соның арқасында бұл тұстан елді мекенге су кірген жоқ.
Жалпы Аманкелді ауданы бойынша 12 ауыл, қыстақ қарғын су қоршауында қалды. Кешелі бері ол аумақтардан тікұшақ, қайықпен 200-ден астам адам құтқарылды. Аудан орталығындағы мектеп интернатта эвакуациялық пункт ашылған. Аманкелдінің өзінде де 12 үйді су басты. Аула, қоралары суға кілкіп тұрған үй жайлар одан да көп. Оның нақты санын әзірге ешкім айта алмайды.
Қазір суды сорып тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Осындай қиын-қыстау кезде аманкелділіктер ауызбірлік танытып отырғандарын айта кеткен жөн. Үлкен-кіші жұмылып, табиғи апаттың зардабын жоюға күш салып жатыр. 300-ге тарта ерікті тасқыннан зардап шеккендерге көмек-қолдау көрсетіп жатыр.
Бірі ас-тағамдарын дайындаса, енді бірі күрек ұстап, құм, күл төсеп жүр. Астана, Қостанай, Арқалықтан үсті-үстіне гуманитарлық көмек келіп жатыр. Ол жайында еріктілерді ұйымдастырушы Айбек Таңатбаев бізге былай деді.
Айбек Таңатбаев, ерікті:
- Кешелі, бүгінді ғана облыстық мешіттің ұйымдастыруымен екі Газель азық-түлік келіп жетті. Оған дейін көптеген инертті құралдар, күрек, қапшық, қолғаптар келіп жатса, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың аяқтарына етік, қолғаптар, жылы көрпе-жастықтар келіп жатыр.
Кеше мұнда құтқарушы жасақтар, еріктілер экстремалды жағдайда жұмыс істеді десе болады. Өйткені тасқыннан электр бағандары құлап, жарық өшті. Байланыс үзілді. Бірақ адамдарды құтқару жұмыстары бір сәт тоқтаған жоқ.
Мағауия Қалиев, 24.KZ, Қостанай облысы