«Таза Қазақстан». Маңғыстауда экологиялық науқан басталды

Маңғыстау өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза Маңғыстау – ғажайып өлке» атты экологиялық науқан басталды.

11 мамырға дейін барлық елді мекенде бес бағыт бойынша сенбілік жүргізіледі.

Атап айтсақ, көлік жолдарының жиегі ақталып, көшелер мен шағын аудандарда қоқыс жиналады. Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған және Мұнайлы ауданында орналасқан 30 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы абаттандырылады.

Сондай-ақ 200 түп ағаш егіліп, Каспий жағалауы қураған шөптен тазартылады. Ардагерлер, балалар және қарттар үйінің ауласын жинап, бұлақ көздерін ашу жоспарда тұр.

Әсел Балманова, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Өзіңізге белгілі, қазір эвакуациялық пункттер бар. Солардың айналасында тазалық шаралары жүргізіледі. Ашылмаған бұлақтарымыз бар. Сол бұлақтардың көзін ашу, тазарту жұмыстары, жағалауды тазарту. Қаракөлдің жағасын, Каспий теңізінің жағасын тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл шараны толығымен мемлекеттік қызметшілер қолдап отыр. Экобелсенділер де өз ойларын қосып, осы акцияға қатысқалы отыр.