Баянауылда құс қырылып жатыр

Баянауыл ауданында жабайы құстар қырылып жатыр.

Күркелі ауылдық округінің жанындағы Қосшалқар көлінен алдымен сарыала қаздардың өлексесі табылды. Кейін аққулар мен басқа да құстардың өлгені белгілі болды. Қанаттылардың ауыра бастағанын алдымен ауыл тұрғындары байқапты. Ветеринарлар індеттің себебін анықтау үшін сынама алып, патогендік сараптамаға жіберді. Көлді тазалауға тұрғындармен қатар Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері де атсалысып жатыр. Құстардың неден қырылғаны әлі белгісіз. Баянауыл ауданындағы барлық көл бақылауға алынған. Әзірге құстың қырылуы тек осы Қосшалқар көлінде тіркеліп отыр. Оқиға орнына ветеринария комитетінің ұлттық анықтау орталығынан мамандар келді. 

Руслан Төлепбаев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Енді екі нұсқа бізде. Бірінші, сол құстардың ауруы болуы мүмкін деп ойлаймыз. Екіншіден, сол көлдің маңында жаңағы ауылшаруашылық қожалықтары бар екен. Олар өздерінің егістіктерін пестицидтермен уландырған екен. Мүмкін содан ба деп ойлаймыз.